Пашинян екінші рет премьерлікке кандидат ретінде ұсынылды

Армениядағы наразылықтың басында жүрген Никол Пашинян екінші рет ресми түрде премьер-министрлікке кандидат ретінде ұсынылды. Пашинянның кандидатурасын парламенттегі 105 депутаттың 41-і қолдаған, деп хабарлайды Азаттық.

1 мамырда парламент депутаттары оппозиция лидері Никол Пашинянның премьер-министр болуына қарсы дауыс берген. Осыдан кейін Пашинян халықты қайта көшеге шығуға үгіттеген.

Халық жолды жауып, наразылық күшейе түскенде ел парламентіндегі басым орынға ие Республикалық партия келесі сайлауда ұсынылған кандидатты қолдайтындарын айтқан. Премьер-министр сайлауы 8 мамырға белгіленген. Пашинян жақтастары бірнеше күнге наразылықты тоқтатқандарын, егер талаптары орындалмаса қайта көшеге шығатындарын мәлімдеген.

Ел заңы бойынша премьер-министр болып сайлану үшін 105 депутаттың 53-і кандидатты қолдауы керек.

Никол Пашинян Республикалық партия билікті «халықтың кандидатына» беруі тиіс екенін тағы мәлімдеді. Мұның алдында парламентте сөйлеген Пашинян депутаттардың үкімет басшысы қызметіне «халық ұсынған кандидатты» сайлағысы келмесе, «саяси аласапыранға» ұласуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Армения заңына сәйкес, парламенттің арнайы отырысында премьер-министр сайланбаса, жеті күннен кейін жаңа сайлау өтуі тиіс. Егер екінші рет премьер таңдалмаса, парламент таратылып, жаңа сайлау өтеді.

Он жыл ел басқарған президент Серж Саргсянның премьер-министр болуына қарсы Армения халқы жаппай наразылыққа шыққан. Саргсян президенттіктен кеткенде билікке оралмайтынын айтқан. Армения халқы Саргсян премьер-министрлікке келу арқылы «билікті басып алды» деп айыптаған.

Сәуірде Арменияның көптеген қалаларындағы наразылық акцияларынан соң Саргсян отставкаға кеткен.

Пікір қалдырыңыз