Ақтөбеде 40 мың доллар пара бермек болды деп айыпталып жатқан прокурор тәуелсіз сараптамалар жасатты

Ақтөбе қалалық сотында айыпталушы Есентұр Қадыровқа қатысты іс қаралып жатыр. Сот отырысы кезінде 40 мың долларды тәркілеп, ақшадан саусақ іздерін алу бейнематериалы қаралды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабы бойынша сотталушы Есентұр Қадыровтың ісі қаралып жатыр. Сот отырысы жалғасып, Есентұр Қадыровтың көлігін тінтіп, пара беруге арналған 40 мың доллар ақшаны тәркілеп, саусақ ізін алу бейнематериалы көрсетілді.

Бейнематериал 2018 жылдың 13 қарашасы күні түсірілген. Көлік ішінен екі пакет табылып, криминалистер оны сараптау үшін ғимарат ішіне алып кіреді. Сол жерде пакет сыртынан саусақ ізі анықталды. Екі із де «пара бермек болды» деп хабар берген прокурор Айбол Төлегеновке тиесілі болып шықты. Ал ақшаны тәркілеп, санау жұмысы кезінде бейнекамераның батареясы таусылып қалған.

«Жалған, шын ақша екенін анықтайтын бейнематериал жоқ. Ақшаны алған соң оны қаптап, тіркеуге алмады. Ақшаның қайда екені де белгісіз? Қайда деп сұғанымызда арнайы прокурорға хабарласыңыз деп жауап берді. Бейнежазба кезінде бір пакет ортаға қойылып, оның сыртынан саусақ ізі алынды. Ал ол кезде екінші пакетегі ақша назардан тыс қалды. Тіпті көлік ішіндегі ақшаның қайда жатқаны көрсетіліп, өзге заттарды іздеу, тінту жүргізілмеді», — деді сотталушы Есентұр Қадыров.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде сотталушының қорғаушылары психология-филологиялық, стенографиялық сараптама жасатып, іске қосуды сұрады. Судья Ербол Әбдіхалықов өтініш хатты қабылдады. Себебі, заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардан соң айыпталушы тарап жеке сот сарапшыларына жүгініп, тәуелсіз қорытынды ала алады.

Сот отырысы кезінде сотталушы Есентұр Қадыровтың қорғаушылары 40 мың долларды ата-анасынан алмағаны, кәсіпкер ата-анасы сол уақытта қаржыны Қытайға аударғаны туралы құжаттарды қылмыстық іске тіркеуді сұрады. Бірақ судья Ербол Әбдіхалықов құжатты іске тіркемеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, прокурор Есентұр Қадыров жұмысына салғырт қарағаны үшін күдікке ілігіп, осы істі тоқтатуға пара бермек болды деп айыпталды. Негізі сот отырысы аяқталуға жақын. Қазіргі кезде мемлекеттік айыптаушы сотталушы Есентұр Қадыровтың өтініш хатымен танысып жатыр.

Фото: Azattyq.org

Пікір қалдырыңыз