«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету»: Ақпараттық топ Шалқар ауданында болды


Ақпараттық топ құрамындағы мамандар аудан тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соның ішінде, дін саласындағы өзекті мәселелерде сауатты бағыт-бағдар беріп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық иммунитетті қалыптастыру республика, облыс деңгейіндегі теологтар мен дінтанушыларға жүктелген, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда Шалқар ауданында діни басқарма қолдауымен ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы, теолог Хамзат Әділбеков, жергілікті теологтар Қайрат Дәрменов, Алмат Әли, Жұмабекшах Шахатаевтар осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Теологтар Шалқар аудандық мешітінде «Тілдің кесапаттары», «Мұсылман сипаты», «Ауызбіршілік» тақырыптарында уағыз-насихат жүргізіп, онда 40-тан астам жамағат жиналды.

Теміржол саласы қызметкерлерінің қатысуымен 2 мәрте семинар өткізілді. Қатысушыларға «Жат ағымның қоғамға жəне дінге тигізер зардабы», «Ханафи мазһабының ерекшелігі» туралы пайдалы мағлұмат берілді. Мәзһаб ұстану, жат ағымнан келетін қауіптер мен қателіктері кеңінен түсіндіріліп, тақырып төңірегінде туындаған сауалдарға жауап берілді. Семинарларға барлығы 30-ға жуық адам қатысты.

Сонымен қатар, жергілікті мешіт жамағаттары мен діни ақпараттық топ мүшелері арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылып, салауаттылықты насихаттаған салмақты шара болды.

Пікір қалдырыңыз