Қазақ студенті: “Үнді сериалдарында рөл ойнап жүрмін”

Үндістанда оқитын қазақ студенті үнді сериалдарына түсіп, қосымша табыс тауып жүргенін айтады. Хайдарабадта оқитын студент ауа райы ыстық, өмір сүру құны арзан қаланың тіршілігі туралы да сөз етті, деп хабарлайды Азаттық.

27 жастағы қарағандылық студент Төрегелді Төлеубай Үндістанның Хайдарабад қаласындағы Осман университетінде “бизнес әкімшілік” мамандығы бойынша оқып жүр. Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Үндістанға оқу құны арзан болғандықтан келген.

— Қазақстанға қарағанда мұнда оқу құны әлдеқайда арзанырақ. Мәселен, өзім оқитын мамандыққа биыл 350 АҚШ долларын төледім. Доллар құны өссе, сәл қымбатырақ болады. Бірақ бәрібір 350-450 доллар арасында шығады. Бұл жақта бір доллар – алты рупий. Сол себепті мен Үндістанды таңдадым, — дейді Төрегелді Төлеубай.

Студенттің айтуынша, оқу құнының арзандығына қарамастан Үндістандағы білім жүйесі батыс стандарттарына ұқсас келеді. Қазақстандағыдай емес, мұнда студенттердің өздігінен ізденуіне көп көңіл бөлінеді.

— Оқу жүйесіндегі ерекшеліктерге байланысты бірінші жыл өте қиын болды. Жергілікті студенттер университетке арнайы дайындықпен келеді. Оларға жеңілдеу болады. Оқытушылар лекциялар өткізіп, силлабустар (оқу жоспары-ред.), кітаптар тізімі мен қажетті интернет-ресурстар тізімін береді. Ал оны әрі қарай алып кету – студенттің өз шаруасы. Бұған қоса, мұнда емтихандарды тапсыру өте қиын. Емтиханға келген кезде олар сізге көлемі А4 форматтағы үлкен дәптер береді. Сіз қойылған 10-15 сұраққа жауап жазып, оның кемінде 20 бетін толтыруыңыз керек. Егер емтиханнан құласаңыз, келесі семестрде қайта тапсыруға мүмкіндік береді. Кейде Тәжікстан, Өзбекстаннан келген кейбір студенттер осы жақта көбірек қалу үшін емтиханнан әдейі құлап қалады, — дейді Төрегелді Төлеубай.

Оның айтуынша, инженер, құқық сияқты салаларда оқу құны сәл қымбатырақ, бірақ Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Хайдарабадты кейде “IT қаласы” деп те атайды. Мұнда Google, Microsoft кеңселері бар.

«ҮНДІ СЕРИАЛДАРЫ — ҚОСЫМША ТАБЫС КӨЗІ»

Хайдарабадта бірнеше жыл тұрып, мұндағы тіршілікке үйренген Төрегелді Төлеубай қосымша қаражат табу үшін кейде үнді сериалдарының “массовкаларына” түсіп тұрады екен. Таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін созылатын мұндай түсірілімге ұйымдастырушылар 1500 рупий немесе 15-20 доллар төлейді. Студенттің айтуынша, бұл көп ақша емес, бірақ пәтерақы сияқты шығындарды жабуға жарап тұр.

— Мысалы, екі бөлмелі пәтерге айына 100 доллар немесе 6400 рупий төлеймін. Жарыққа қосымша 800 рупий төлеймін. Ал су – тегін. Кішкентай газ баллондарын да аламыз. Егер айына екі-үш рет массовкаға барғаннын өзінде пәтерге, жарыққа, газ баллондарын алуға ақша жинап аламын, — дейді Төрегелді Төлеубай.

Қазақ студенті үнді сериалдарында түрлі «массовка» рөлдерді ойнай беретінін айтады.

— Кейде қытайларды, кейде оператор, кейде күзетші сияқты әртүрлі рөлдерді ойнап шығамыз. Түскен фильмдер санын санаған жоқпын. Өте көп. Жалпы, мұнда жұмыс табу қиын. Себебі адамдар көп, жұмысқа жергілікті тұрғындарды ғана алады. Сондықтан ТМД студенттері үшін бұл — қосымша қаражат табу көзі, — дейді ол.

“ҚЫТАЙДАН КЕЛДІҢІЗ БЕ?”

Төрегелді Төлеубайдың айтуынша, бұл — жергілікті халықтың оған қоятын жиі сұрағы. Көп түсіндірмес үшін “иә” деп жауап беруге тура келетінін айтады.

— Жаңадан келген кезде “Қытайдан келдіңіз бе?” деп сұраса, “жоқ, Қазақстаннан келдік” дейтінбіз. Ол жақта Қазақстанды ешкім білмейді. Сол себепті ұзақ түсіндіріп отыратынбыз. Кейінірек “Қытайдан келдің бе” десе, “иә” дей салатын болдық, — деп күледі.

Бірнеше жыл бұрын ағылшын тілін америкалық акцентпен сөйлейтін студент қазір ағылшынды үнді акцентпен сөйлеп жүргенін айтады.

Төрегелді Төлеубайдың сөзінше, Хайдарабад Делиге қарағанда құрғақтау. Шілденің аяғы мен тамыздың басынан бастап бірнеше ай бойы үздіксіз күн сайын жаңбыр жауып, муссондық жауын-шашын кезеңі басталады. Жаңбыр қазанның аяғы мен қараша басында тоқтайды.

— Мұндайда көшеде жүрген кезде кейде аққан судың деңгейі тізеден келеді. Муссондық жаңбырлар кезеңі аяқталған соң біз үшін ең қолайлы ауа райы басталады. Ауа температатурасы +20-25 градус аралығында болады. Бұл қыс болып есептеледі. Жергілікті халық үшін бұл суық. Сондықтан өте жылы киініп алады. Ал бізге өте қолайлы. Кешке таман терезені ашсаң, кешкі қоңыр салқын жел бөлме ішіне еніп, кеңсірігің ашылып рахаттанып қаласың. Ақпан мен наурыз айларында 40 градустық ыстық қайта басталады. Мамырда 50 градусқа дейін жетеді, — дейді ол.

Оқуын тәмамдауға аз қалған Төрегелді Төлеубай диплом алған соң Қазақстанға қайта оралатынын айтады.

Пікір қалдырыңыз