Facebook қолданушылары ағаш отырғызған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасарын ұятқа қалдырды


Желі қолданушылары қала әкімі орынбасарының әрекетін көзбояушылық деп қабылдады.

Сенбілікте 2 мың мемлекеттік қызметкерлермен бірге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов та тал еккен болатын.

«Әріптестерім секілді мен де сүйікті қаламның экологиялық жағдайы жақсарсын деп үлесімді қосып жатырмын. Егер Ақтөбе қаласының әрбір тұрғыны бір ағаштан отырғызса, онда ортақ үйіміз гүлденіп, жайлы мекенге айналады», — делінген әкімдіктің Facebook парақшасында.

Алайда, желі қолданушылары әкім орынбасарының әрекетін көзбояушылыққа теңеді.

«Президент саябағы онсыз да күтілген, неге көзбояушылыққа жол беріп, оны тазалай береміз! Оның орнына N24 мектептің алдындағы скверді қалпына келтіріңіздерші. Әбден тозған, қаңғыбастардың мекеніне айналған. Ал ол облыстық әкімдікке жақын орналасқан ғой! Сол кезде мақтануға да болатын еді!», — деді Нұргүл Жолдасова есімді желі қолданушысы.

Басқа адамдар жыл сайын саябақта отырғызылып жатқан ағаштардың қайда кетіп жатқанын сұрады.

«Әйгілі депутат және қоғам қайраткері Юрий Гончаров әлі күнге дейін менің сұрағыма жауап бере алмады. Былтыр елдің көзінше өзі еккен ағашы тамыр жайды ма, әлде жоқ па?», — деді Aslan Mussa есімді желі қолданушысы.

Пікір қалдырыңыз