Ақтөбеге он жыл бойы келмеген М.Әуезов театры үздік спектакльдерін ұсынады


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының Ақтөбеге келмегеніне 10 жыл болған. Шақыру биыл түсіп, театр ұжымы үздік спектакльдерді сахналайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы драма театры Ақтөбеге гастрольдік сапармен келді. Күні бұрын сахна декорациясы мен киім-кешектер жеткізіліп, 60-қа жуық актер қонақ үйге орналастырылды. 1-5 мамыр аралығында ақтөбелік көрермен Тахауи Ахтанов атындағы драма театрына барып, үздік шығармаларды тамашалай алады. Спектакль сағат 19:00-де басталады.

«Ақтөбе облысына келмегелі 10 жыл болды. Көрерменнің талғамы бір. Олар жақсы, сапалы спектакль көргісі келеді. Бір жағынан әртістер, өнер адамдары елге, аймаққа шығып, жас буынмен сырласады, пікірлеседі. Бес күннің ішінде университет, колледж, мектептерде кездесу өткіземіз. Сапар өз жетістігін береді деп есептейміз», — деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академялық драма театр директоры Асхат Маемиров.

Алматыдағы драма театры біраз уақыт шақыру алмай, Ақтөбеге келмеген. Әрі кәсіби театр үшін гастрольге шығу жауапты жұмыс.

«Сахна атмосферасының 50-60 пайызы көшіп келуі керек. Бұл оңай жұмыс емес. Декорация, костюмерлер де бар. Бір апта бұрын жүк көлігі жолға шықты. Барлығы 60-қу жуық адам Ақтөбеге келді. Біз осы жолы Батыс Қазақстанға да барамыз», — деді Асхат Маемиров.

Пікір қалдырыңыз