Ақтөбе облысында кәсіпкерлер аудан әкімінің үстінен жаппай шағым түсіріп жатыр


Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшіновтың айтуынша, Хромтау ауданында кәсіпкерлік белсенділік күрт төмендеп кеткен. Кәсіпкерлер көбіне жер мәселесіне қатысты дау-дамайды шеше алмай, «Атамекен» палатасына шағымданады.

Мәселен, Хромтау қаласының әкімдігі жеке кәсіпкер А.Едрисоваға дүкен салу үшін жер телімін жалға ұсынған. Рұқсат беру рәсімдері өтіп жатқанда, сол жерде газ құбыры өтіп жатқандығы анықталды.

Сол кезде Едрисова көрші тұрған Измуратовамен келісіп, газ құбырын басқа жерге шығару туралы рұқсатнамаға қол жеткізеді. Ондай техникалық шартты «ҚазТрансГазАймақтың» Хромтау аудандық филиалы берген.

«Газ құбырының орны ауыстырылып жатқанда, Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалиннің жеке араласуымен жұмыстар тоқтатылып, арнайы техникалар айыппұл тұрақтарына қойылған. Сондай-ақ, Хромтау қаласы әкімдігі осы жер теліміне тас төсегіштер төсеп, қоршау тұрғызған», — дейді Руслан Күйшінов.

Едрисова екі мәрте әкімдікке өтінішпен барған. Алайда, мемлекеттік мекеме оған газ құбырын ауыстыруға рұқсат беруден бастартты.

«Олар (әкімдік – ред.) бізге көмектесудің орнына керісінше кедергі жасап жатыр. Хромтау қаласында біз сияқты кедергіге тап болған 30-40 шақты кәсіпкер бар», — дейді өзін Едрисованың өкілі ретінде таныстырған Ораз Алиманов.

Ал әкімдіктің өкілі кәсіпкерлердің Хромтауда тұрмайтынын тілге тиек етіп, оларға мән-жайды түсіндіру үшін таба алмағанын айтты.

Пікір қалдырыңыз