Ақтөбе облысында алғаш рет әкелер байқауы өтеді


Танымал журналист Жаңалық Ахаштың бастамасымен қолға алынған әлеуметтік жоба облыста алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Барлығы 116 үміткер қатысуға өтініш берген, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Үміткерлер сегіз аталым бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мүгедек баласын асырап отырған немесе жалғызбасты әкелер, сегіз және одан да көп бала асырап отырған батыр әкелер бар. Үміткерлер әлеуметтік желі арқылы ашылған @meninakem_ парақшасында дауыс жинау арқылы мықтылары анықталады. Кейін әрбір аталым бойынша көп дауысқа ие бес қатысушының ішінен үздігін қазылар алқасы таңдайды.

«Бұл кезеңге дейін аналарды, әйел адамдарды насихаттау шаралары көп өткізіледі. Енді әкелерімізідің беделін арттырайық, құрметтейік деген мақсатта ұйымдастырылып жатырған шара. Дауыс беру арқылы мықтылығын білейік деп емес, аймағымызда сол кісілердің бар екенін танытқымыз келеді. Ақтөбенің барлық аудандарынан, тіпті шалғай жатқан ауылдардан үміткерлер ұсыныс тастады», — дейді жоба ұйымдастырушысы Жаңалық Ахаш.

Үміткерлердің ең үлкені тоқсан жаста болса, ең кішісі жиырма алтыда екен. Жеңімпаз әкелер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Пікір қалдырыңыз