Ақтөбеде 40 миллион теңгені балабақшаларға заңсыз аударған орынбасардың ісіне қатысты тергеу басталды


Әдеп кеңесінде Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжановқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Ал Ұлттық бюроның облыстық департаменті қызметкерге қатысты қылмыстық істі тергеуді бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық прокуратурасы Ақтөбе қалалық білім бөлімін тексеріп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында атқарылған жұмыстан бірнеше олқылық тапты. Прокурор Альбина Асқарованың айтуынша, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжанов мекеменің қаржылық жұмыстарын атқарып, бірнеше заңсыздықтарға жол берген. Нақтыласақ, жеке балабақшаларға ақша аудару кезінде атқарылған жұмыстарды тексермей, заңсыз ақша аударып жіберген.

«Тексеру кезінде жеке балабақшаларға заңсыз ақша аударылғаны белгілі болды. 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында келісімшартқа қол қойылды. Бірақ, бақшаға барып жүрген балалар мен ақша аударымы бір-біріне сай келмейді. Мәселен, білім бөлімі «Растишка» ЖШС-ке басымдық беріп, атқарылмаған қызметі үшін ақша аударылған. «Қызғалдақ» балабақшасының бір жұмысына екі рет ақша төленген. «Мерсель» ЖШС-нің үш балабақшасы болды. Оның «Медина» балабақшасы жабылып, ақша артық төленді. Барлығы 40 миллион теңгеден астам шығын келді.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті, Әдеп кеңесі неліктен құжаттардың бәріне басшылық емес, орынбасары қол қойғанын анықтады. Бұл істе ешқандай заңға қайшы іс жоқ. Ал атқарылған жұмысты тексеру кезінде олқылық жіберілгені анықталды.

«Медина» балабақшасының жабылғаны туралы хат бізге келмеді. Біз оның жабылғанын прокурорлардан ғана біліп отырмыз», — деді Рустам Әлжанов.

Әдеп кеңесі кезінде Ұлттық бюроның облыстық департамент басшысы Қайрат Сүйіндіков қылмыстық іс бойынша тергеу басталғанын, бірыңғай реестрге тіркеліп, жауап алу басталғанын жеткізді. Тіпті, Рустам Әлжановқа қызметкерлерге қысым көрсеткен жағдайда тағы бір қылмыстық іс қозғалатынын ескертті.

Әдеп кеңесі Рустам Әлжановты қызметіне толық сай емес деп ұйғарым берді.

Пікір қалдырыңыз