Ақтөбе облысында 50-ден астам кәсіпкер тәркіленіп кеткен жер телімдері үшін әлі салық төлеп отыр


Мемлекет тәркілеп алған жері үшін бір ғана кәсіпкер 5 миллион теңге салық төлеген, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, былтыр Ақтөбе облысында жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа 100-ден аса арыз түскен. Себебі, кәсіпкерлер үш жыл бойы жерді мақсатына сай пайдаланбаған. Сот 52 адамға қатысты арызды қанағаттандырды.

Алайда, жер мемлекетке қайтарылса да, кәсіпкерлер әлі күнге дейін сол жер телімдері үшін салық төлеп келеді.

«Парадокс. Мен жерді пайдалана алмаймын, бірақ мен сол үшін салық төлеуім керек. Бір ғана «АрДана плюс» серіктестігі 5 миллион теңге төлеген», — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Оның сөзінше, мемлекет кәсіпкерлерге тәркіленген жері үшін кеткен шығынның бәрін өтеуі тиіс.

«Заң бойынша мемлекет тәркіленген жерді сатып, кәсіпкердің шығынын толық өтеуі керек. Алайда, өтемақы түгіл, кәсіпкерлер тәркіленген жері үшін әлі күнге дейін салық төлеп келеді», — дейді ол.

Пікір қалдырыңыз