«Рухани жаңғыру»: Ақтөбеде Ер Едігеге ескерткіш қойылып, көше атауы беріледі


Ақтөбеде «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» атты халықаралық конференция өтті. Биыл Ақтөбе қаласында Ер Едігеге көше атауы беріліп, орталық көшеге ескерткіші орнатылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа қадам: Рухани жағыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ер Едіге және ХХІ ғасындағы ұлттық сана» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияға Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Қарашай-Шеркеш Республикасы, Башқұртстан Республикасы, Монғолия Халық Республикасы т.б. елдердің зерттеушілері, ЮНЕСКО өкілдері, ізденуші жас ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты. Ұйымдастырушылардың бірі Бекежан Аханов өз сөзінде «Едігенің жалы» аталатын жерде болып, 1800 жылдары картада белгіленген бейіт басына барғанын айтып берді.

«Дағыстан, Қарашай-Шеркеш жерінде болып, жоғары оқу орындарға, ғалымдарға, тарихшыларға хабар берілді. Біздің мақсатымыз – Ер Едігені тану, ұлттық сананы жаңғырту, түркітілдес халықтарды бір жерге жинау. Едіге батыр Мәртөк ауданы мен Орынбор облысының шекарасындағы Бөрте өзенінің бойында жараланды деп айтады. Тарихи дерек осы. Жерленген жері әртүрлі айтылады. Біз осы кезге дейін жорамал айтылса, енді зерттеу жүргізіп, нақтылауды ұсынамыз», — дейді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Б.Ахан.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысында Ер Едігеге көше беріліп, ескерткіш те орнатылады. Қазіргі кезде көше атауын беру ұсынысын республикалық ономастикалық комиссия құптады. Шешімді депутаттар қабылдайды.

«2016-2017 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында Бөрте деген жерде белгі тас қойылды. Биыл Ақтөбе қаласында Едіге батырға ескерткіш орнатылып, көше атауы беріледі. Байғанин ауданындағы «Едігенің жалы», Сағыз өзенінің бойындағы ата-анасының бейіті, Едіге деген жер атауы қазақ жұртшылығы болып батырды ұлықтауға міндеттейді деп есептейміз. Мұндай жұмыстар жалғасады», — деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Есеусінова.

ЮНЕСКО-ның глобалды геопарктер бойынша ұлттық комитетінің өкілдігі Едіге батыр эпосын Қазақстандағы орта мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды.

«Ер Едігенің есімі шығыс пен батысқа мәлім. Едігенің 1399 жылдың 12 тамызы күні Борсықтыдағы жеңісі тек түркі халықтарының ғана емес, орыс халқын да жойылып кетуден аман сақтап қалғанын көрсетеді. Олай болса 12 тамызды түркі халықтарының ортақ мереке күні деп атап өтуге болар еді. Сонымен қатар, Едіге батыр эпосын Қазақстандағы орта мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынамыз», — деді ЮНЕСКО-ның глобалды геопарктер бойынша ұлттық комитетінің өкілі Азат Ерімбетов.

Пікір қалдырыңыз