Ақтөбе облысында болашақ молдалар ауыл жастары арасындағы футбол ойындарында топ жарды


«Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Астана қаласының 20 жылдығына орай Алға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Бестамақ ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен ауыл жастары арасында шағын футболдан біріншілік өткізілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Аталған жарыстан «Ақтөбе медресесі» колледжінің студенттері де шет қалған жоқ. Салауаттылық – саулықтың кепілі, өмірлік негізгі қадиғаттардың бірі деп білетін шәкірттер шынығып қана қоймай, 6 команда қатысқан тартысты сайыста жеңіске жетті. Ұйымшылдық пен жеңіске деген жалынды жігерлерінің арқасында жүлделі І орынды иеленді.

Ал ІІ орынды «Энфилд» құрамасы иеленсе, «Бестамақ» жастар командасы ІІІ орынға ие болды. Сайыс соңында жүлделі орын алған командалар марапатталды.

«Теңбіл доп тепкен жастарымыздың жеңісі бұл ғана емес. Жуырда аудан көлемінде футболдан тағы бір жарыс өткен болатын. Он команда өзара бақ сынасқан спорттық додада медресе шәкірттері ІІІ жүлделі орынға табан тіреп, үздік үштіктің қатарына ілікті. Шәкірттеріміз ілімде де, спортта да жеңіс тұғырынан көріне бергей», — деп хабарлайды «Ақтөбе медресесі» колледжінің баспасөз қызметінен.

Пікір қалдырыңыз