Ақтөбеліктер 2018 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 600-ден аса жобаны жүзеге асырады


Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Туған жерге тағзым» акциясына Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бастамашылық етіп, бизнестің әлеуметтік-жауапкершілігі өкілдері белсенді түрде қолдады.

— Осы жылы акция аясында 2,7 млрд. теңгеге 648 жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл көптеген әлеуметтік сұрақтарды шешуге, ондаған маңызды нысандарды ашуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысында Қазақстанда тұңғыш рет есімі әрқайсысымыз үшін қасиетті барлық аналарға бас июге шақыратын «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік орталығының құрылысы жалғасып жатыр. Ірі жоба еліміздің өзге өңірлерінде және шет елдерде тұрып жатқан отандастарымыздың қолдауымен жүзеге асырылуда, — деп атап өтті облыс әкімі.

Орталықта келушілер қазақ халқының ұлы әйелдерінің өмірімен және ерлігімен таныса алатын экспозициялық зал жұмыс жасайтын болады.

Сондай-ақ, Ақтөбеде құны 1,2 млрд. теңге болатын «Неке қию сарайы» пайдалануға берілмек.
Облыс әкімі мамыр айында өңірде «Мемлекеттің, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі серіктестігі» атты халықаралық кәсіпкерлер форумы өтетінін жеткізді.

Оған қатысу үшін Ақтөбеге Қазақстан, Түркия, Израиль, Тәжікстан, Қырғызстан мен Грузия елдерінен үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес қауымдастықтардың, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі өкілдері келеді. Форум кезінде оларға әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы халықаралық тәжірибесімен бөлісуге, шағын және орта бизнес саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік туады.

Бұдан басқа, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Алға ауданына қарасты Амангелді ауылы кәсіпкерлерінің күшімен құны 80 млн. теңгенің 70 орындық Мәдениет үйі, Ырғыз ауданында «Арыстар» аллеясы, Шалқар ауданында «Жастар сарайы» салынатын болады.

Пікір қалдырыңыз