Ақтөбе облысында «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы аясында 3 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылды


Ақтөбе облысында 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» бағыты аясында жалпы құны 3 миллиард теңге болатын қырық жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ-де бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші жылының қорытындысы бойынша өткен басапсөз мәслихатында мәлімдеді.

— Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бастап облыста мәдениет мекемелерінің желісін кеңейту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2017 жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ есебінен Батыс өңірі үшін бірегей концерт залы бар 12 мың орындық Өнер орталығы пайдалануға берілді. Бүгінде күн сайын ауқымды шаралар мен шығармашылық, соның ішінде шетелдік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттері өткізіледі. Жоба құны 1,5 млрд теңге. Дарынды музыкант пен академик Жұбановтардың шығармашылық мұраларын насихаттау мақсатында бизнесмен Қайрат Мәйтеков «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығын салды. Жұбановтар отбасының жәдігерлері сақталған заманауи ғимаратты тұрғызу үшін 300 миллион теңге бөлінді, — деді Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, қос нысан да туған өлкеге сыйлық ретінде жеке қаражатқа салынған. Пайдалануға берілген сәттен бастап 27 мыңнан аса мәдени-бұқаралық шаралар өткізілді.
Жаңа ескерткіштерді тұрғызуға салынған жеке инвестициялар көлемі де артып келеді: есептік кезеңде өңірде Есет батыр, Нағашыбай Шәукенов, Қобыланды батыр, Исатай Тайманов, Әлия Молдағұлова, Ұзақбай Құлымбетов ескерткіштері орнатылды.

Биыл Ақтөбеде жеке қаражат тарту есебінен құны 635 миллион теңгенің жаңа тарихи-өлкетану мұражайы пайдалануға берілмек. Мұражайдың көне ғимараты көп жылдан бері апаттық жағдайда тұр.

Бердібек Сапарбаев атап өткендей, Ақтөбе облысын әрі қарай дамыту үшін демеуші тарту жұмыстары жалғасуда, онымен www.zherlester.akt.kz. сайтында танысуға болады.

— Жалпы Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» жұмыстарын жүзеге асырудың жүйелі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, қоғамдық санаға прогрессивті өзгерістер қажеттігіін түсінетін өңір тұрғындары бағдарламада қойылған мақсаттарды қолдап, бізге оларға қол жеткізу үшін көмектеседі, — деді облыс әкімі.

Пікір қалдырыңыз