Республикалық Құран жарысына қатысатын ақтөбеліктер анықталды

Ақтөбеде ҚМДБ ұйымдастырып жатқан VII Республикалық Құран жарысына іріктеу байқауы өтті. Онда 20-ға жуық Құран жаттаған азаматтар бақ сынады. Соның ішінде, Астана, Шымкент, Түркістан қалаларынан скайп желісі арқылы қосылғандар да болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі облыстық мешіттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қатысушылар 4 номинация бойынша топтастырылды: 10 пара, 20 пара, 30 пара Құранды жатқа оқу және мәнерлеп оқу машықтығы. Сайысқа өкіл имам Төлеби Оспан, «Ақтөбе медресесі» колледжінің ұстазы Мұхаммед Махмуд Усман және қари Оразмұхаммед Әбдимауланов төрелік етті. Үміткерлерге діни басқарма бекіткен жарыстың шарттары бойынша сұрақтар қойылып, тәжуид ережелерін сақтауы мен Құран оқу қырағатына, жаттау қабілеті мен дауыстың мәнеріне баса мән берілді.

Бірнеше сағатқа созылған жарыстың нәтижесінде 10 параны жатқа оқу бойынша ақтөбелік Сапарбек Қайназар жеңіске жетті. Ал 20 параны жатқа оқудан Саламат Қартабаев пен 30 параны жатқа айтудан қари Құрбаналиев Дәулет республикалық додада Ақтөбенің намысын қорғайтын болады.

Құранды мәнерлеп оқу бойынша Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Асылхан Тұрлыхановтың оқу ырғағы он үміткердің ішінен үздік деп танылды. Сайыстың жүлделі орындарын иемденген барлық жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби Оспан үздіктерді марапаттап, іріктелген төрт үміткерге Алматыда өтетін ақтық сайыста топ жарып, биіктен көруіне тілектестігін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз