Бұзылып, жойылудың алдында тұрған ескерткіштер жайы Ақтөбеде өтетін «Марғұлан оқуларында» сөз болады

Ақтөбеде «Марғұлан оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Шара барысында «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының жобасы талқыланып, Ұлы Жібек жолының сакралды географиясы талқыланады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Марғұлан оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. «Қазақстанның қасиетті жерлері» кіші бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығына орай өтетін шараға ТМД елдерінің ғалымдары, музей басшылары мен қызметкерлер қатысады.

«Қазақстанның киелі жерлері бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында зерттеу жұмыстары жалғасады. Барлығы 10 республикалық маңызы бар, 34 жергілікті маңызы бар ескерткіш тізімге алынды. Биыл киелі жерлерді анықталып, талқыланады, аңыз әңгімелер жинақталады. Арнайы комиссия отырысы кезінде ғалымдар мен өлкетанушылардың қатысуымен жұмыс жалғасады. «Марғұлан оқулары» конференциясының да маңызы зор. Тек Ақтөбе, Қазақстан ғалымдарының емес, ТМД елдерінің ғалымдары қатысады», — деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша өкілі, археолог Арман Бисенбаев ең маңыздысы «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының жобасын талқылау деп санайды. Себебі, тарихи ескерткіштер бұзылып, жойылып жатыр. Оны тоқтатуға заңның қауқары жетпейді.

«Заң жобасын Білім және ғылым, Мәдениет министрліктері ұсынып отыр. Ұлттық музей мен Ә.Марғұлан атындағы археология институты талқылауға қатысады. 1992 жылы қабылданған заң біздің құнды жәрігерлерімізді сақтай алмай отыр. Заңдағы баптар әлсіз, кәдеге аспай жатыр. Президент бай мұраны сақтау керек деп тапсырды. Ал өндіріске, ауыл шаруашылығына берілген жерлерде ескерткіштер жойылып жатыр. Ешкім өзіне жауапкершілікті жүктемейді. Әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салады. Ал Кеңес Одағында ескерткішті бұзған адам 5-8 жылға бос бостандығынан айырылатын болған», — деді Арман Бисенбаев.

Жоспар бойынша 19 сәуір күні Студенттер сарайында жиын басталады. Ғалымдар мен зерттеушілер екі күн бойы жәдігерлерді сақтау, зерттеу, киелі жерлерді анықтау, қорғау туралы сөз қозғайды.

Пікір қалдырыңыз