Астананың 20 жылдығына орай Ақтөбеде республикалық ақындар айтысы өтеді


Астананың 20 жылдығына арналған «Ән дарыған далада, шыңға айналған Астанам» атты республикалық ақындар айтысы 19 сәуірде өтеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл Астанаға 20 жыл, аты аңызға айналған батыр, кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның 325 жылдығы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына 1 жыл толатын мерейлі белестер жылы.

Осы мерейтойлар аясында облысымызда төртінші рет ұйымдастырылып отырған сөз өнерінің майталмандары бас қосқан жыр сайысын өткізу дәстүрге айналып келеді.

Айтысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын, журналист Жүрсін Ерман жүргізеді.

Ақындардың өнеріне «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік жасайды. Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқар, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ақын Серік Қалиев бар.

Сөз сайысына халықаралық және республи¬калық айтыстарда топ жарып жүрген жыр жүйріктері Иран-Ғайып Күзенбаев (Қызылорда), Бақытжан Қасымов (Астана), Қанат Мырзаханұлы (Тараз), Төлеген Жаманов (Қарағанды), Жәнібек Бейбітов (Ақтөбе), Рауан Қайдаров (Павлодар), Дидар Қамиев (Қарағанды), Ринат Заитов (Алматы), Марат Ахметов (Ақтөбе), Өміржан Көпбосын (Қарағанды), Аруна Керімбек (Астана), Болатбек Оразбаев (Алматы), Ершат Қайболдин (Ақтөбе), Оңғарбек Қабденов (Павлодар), Әлихан Жақсылық (Ақтөбе), Нартай Тілеуқұл (Ақтөбе), Қайырхан Жұбаниязов (Ақтөбе), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда) сынды ақындар сайысқа түседі. Барлығы 18 ақын, 9 жұп болып айтысып, еліміздің, облысымыздың жетістігін жырға қосады.

Пікір қалдырыңыз