Мемлкеттік-жекеменшік әріптестік: Ақтөбелік кәсіпкерлер түрмелерде бизнестерін жүргізіп отыр


Ақтөбедегі түзету мекемелері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірнеше цех жұмыс істеп тұр. Қалалық әкімдік саябақтарға арналған орындықтарға тапсырыс беретін болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімдігі түрмеде жазасын өтіп отырғандарға тапсырыс бермек. Саябақтарға арналған орындықтарды жазасын өтеушілер жасап, кейін сынғанын пробациялық бақылауда жүрген адамдар жөндейді.
Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ернат Ақылжановтың айтуынша, қоныс колониясындағы жазасын өтеушілер 40 кәсіпорынмен жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, түрме ішіндегі бос ғимараттарды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тегін беріп отыр.

«Жем қаласындағы түрмеде 25 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың орташа жалақысы 28 мың теңге. Біз матаны беріп, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етеміз. Ал түрме ішіндегі цехты бізге тегін береді. Тек коммуналдық қызметтер үшін ақы төлейміз. Бәрі Алматыда сатылып жатыр. Тігіншілердің сапасы өте жақсы. Бізге өндіріс орындары арнайы киімдерді тіктіреді», — деді кәсіпкер Оксана Прокопенко.

Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақтөбеде кәсіпкер Мейірхан Өндіргенов те екі кәсіпорынды іске қосып, кейін оны жапқан. Қазіргі кезде қылмыстық атқару жүйесі департаменті кәсіпкерлерді бизнес ашуға шақырып жатыр.

Пікір қалдырыңыз