Астананың 20 жылдығы: Республикалық радиомүшәйра өтеді

«Елбасы және Елорда» атты республикалық радиомүшәйра өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Радиомүшәйра Астананың 20 жылдығына арналып отыр. Оның мақсаты — Астананың әлем мен ел алдындағы маңызын, алар орнын, даму сатыларын өлеңге арқау ете отырып, Елбасының еңбегін көрсету. Сол арқылы елді, жерді, Отанды құрметтеудің үлгісін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.

«Радиомүшәйра мемлекеттік тілде өтеді. Мүшәйраға қатысатын ақын «Еңселі елордам» және «Елтұтқа — Елбасы» деген тақырыпты қамтитын екі өлең жолдауы керек. Әр өлеңнің көлемі 10 шумақтан аспауы тиіс. Радиомүшәйраға 18 бен 35 жас арасындағы ақындар қатысады. Мүшәйраға ұсынылған жыр маржанын сараптау үшін тәуелсіз қазылар алқасы жасақталады. Іріктеуден өткен өлеңдер Қазақ радиосының эфирінен оқылады», — деп хабарланды министрліктің баспасөз қызметінен.

Республикалық радиомүшәйра арнайы хабар ретінде радио эфиріне қойылады. Нақтырақ айтқанда, жиілігі аптасына бір рет, ұзақтығы 10 минутқа созылмақ.

Радиомүшәйраға қатысатын ақындар өлеңдерін radio.mushaira@gmail.com электронды поштасына жіберуі тиіс. Еш жерде жарияланбаған өлеңдер 2018 жылғы 16 сәуір мен 16 мамыр аралығында қабылданады. Мүшәйраның қорытындысы Астана күні қарсаңында жарияланады. Үздік деп танылған өлеңдер арнайы жинаққа енеді. Сонымен қатар үздік өлеңдер аудиодискіге жазылады. Ең үздік 5 ақынның өлеңіне «Қазақстан» ұлттық арнасы бейнесюжет түсіріп, эфирден береді.

Радиомүшәйра қорытындысы бойынша жеңімпаздарға қаржылай жүлде, сертификат, диплом беріледі. Атап айтқанда, І орынға (1 жүлдегер) 500 мың теңге, ІІ орынға (2 жүлдегер) 300 мың теңгеден, ІІІ орынға (2 жүлдегер) 200 мың теңгеден табысталады. Мүшәйраның қорытынды поэзия кеші «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді.

Пікір қалдырыңыз