«Рухани жаңғыру»: Ақтөбеліктер туған жерінде 648 жобаны іске асырады


«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл 648 жоба іске асырылады. Бұл жұмыстарды атқаруға 2,7 миллиард теңге жұмсалады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі «Туған жерге тағзым» акциясы өткен жылы ауқымды болды. Әлемнің әр түкпірінде жүрген ақтөбеліктер елге оралып, қолдан келер көмегін берді. Мектептер жөнделді, балабақшалар салынды.

Саябақтар жаңартылып, жаңасы бой көтерді. Форумға АҚШ, Германия, БАӘ, Ресей, Украина, Армения, Әзірбайжан елдерінде тұратын ақтөбеліктер қатысты. Дәрігерлер ота жасады, семинарлар өткізді. Биыл бұл іс жалғасады. Жоспар бойынша 600-ден астам жоба іске асырылады. Олардың ең үлкені «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбиелеу орталығы.

«Орталықта Бопай ханым, Роза Жаманова, Нұрсұлу Тапалова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанованың өмірі мен ерлік жолын насихаттайтын экспозиция залы болады. Қыздар, келіндер тәрбиесіне көңіл бөлініп, әжелердің клубы құрылады. Қолөнер шеберлері іс тігуді үйретіп, бала тәрбиесінің сырын түсіндіреді. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылатын «Мен ақтөбелікпін» жобасы сегіз бағыт бойынша іске асырылады. «Хан қорығы» республикалық жастар фестивалі өткізіледі», — деді ұйымдастырушылар.

Биыл жоспар бойынша облыстық өлкетану музейі ашылып, ғалымдар Орынбор мен Санкт-Петербург қалаларындағы мұрағаттарында зерттеу жүргізеді. Әрі Әбілқайыр ханның 325 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.

Пікір қалдырыңыз