«Рухани жаңғыру»: Абат Байтақ жанындағы Қыз әулие құлпытасын оқитын лингвист керек


Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Абат Байтақ кесенесі жанында Қыз әулиенің бейіті бар. Әзірге бейіт басындағы құлпытас жазбасын ешкім оқи алмай отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі жерлердің тізімі жасалып, мемлекеттік қорғауға алынып жатыр. Зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Мәселен, Қобда ауданындағы Қыз әулие жерленген зиратта құлпытасты оқу мүмкін болмай тұр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылы «Құт қонған Қобда» кітабы мен энциклопедия шықты. Исатай Тайманұлы туралы да кітап жарық көрді. Кітапты музей қызметкерлері, ішкі саясат мамандары жазып, шығарды. Негізі Абат Байтақ қорымында Қыз әулие жатыр. Біз сол бағыттағы зерттеуді жалғастырғымыз келеді. Табыннан тараған қыз деп айтылады. Құлпытасы ортасынан сынған, оны оқу өте қиын. Біз тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев келгенде ақылдасып, лингвистер қажет екені айтылды. Араб, төте, шағатай жазуы аралас деп айтады. Алдағы уақытта тарих, арабтануды оқып жүрген жастар зерттеп, диссертация қорғаса да болады. Өте құнды тақырып», — деді Ақтөбе тарихи өлкетану мұражайы Қобда аудандық филиалының ғылыми қызметкері Гүлбаршын Ерғалиева.

Айта кетейік, Абат Байтақ қорымында 200-ден астам құлпытас бар. Тас қашау өнері әрқилы. Әйелдер мен ер адамдардың құлпытасында ерекшелік бар. Құран аяттары да жазылған.

«Аспан астындағы ашық дала мұражайы» деп Әлкей Марғұлан айтып кеткен. Абат Байтақ, Қыз әулие және 200 құлпытас бар. Әрі мәрмәр тасқа айналған ағаш та осы жерде. Бәйтерек құлап, ортасынан сынған. Сақиналарын оқу өте қиын. Дәл қай ғасырға жататыны да белгісіз. Ағаш, оның бір жағы мәрмәр тасқа айналған», — деді Гүлбаршын Ерғалиева.

Пікір қалдырыңыз