«Бәріміз кету үшін келдік»: Қарақаттың ақтөбелік тілші туралы жазбасы елді жылатты


Қазақтың танымал әншісі Қарақат Әбілдина лифтідегі қайғылы оқиғада қаза тапқан ақтөбелік журналист Айзат Әбдісамат туралы жан тебірентерлік естелік жазып, марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Бұл туралы әнші өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жариялаған.

Айзатпен қалай танысқанын есіне алған Қарақат оның адалдығы мен кіршіксіз ақ көңілі туралы жазды.

«Айзат… Осыдан он шақты жыл бұрын өте бір нәзік, сүйкімді жас қыз бала мені үлгі тұтатынын, жақынырақ араласқысы келетінін айтып қасыма келген еді.

Жүзінен мейірім төгілген сол бір аруды мен де бірден жаныма жақын тарттым, өйткені, оның адалдығы, маған деген кіршіксіз ақ көңілі, адам баласына жамандық ойламайтын әппақ жүрегі кез келген адамды баурап, жанын елжірететін еді.

Қаршадайынан қасыма ерген сол Айзатжан бірнеше жыл бойына менімен бірге жүрді, әрдайым жанашыр болды. Кейін біз көшіп, ол ұзатылып, Алматыдан жырақтасақ та, байланысымызды үзбедік. Әрдайым xал сұрасып, барлық қуаныш-қызығымызға ортақтасып отыратын. Ақ тілегі мен құттықтауын аямайтын…

Аялам дүниеге келгенде ең бірінші боп қуанып еді, өзінің ботақанымен үйімізде қонақ та болған…», — деген әнші өзінің концерті болған күні суық хабарды естігенде мүлде сенбегенін айтады.

«Ертең үлкен концерт деп қарбаласып жатқан күні Айзат қайтыпты деген қайғылы xабарды естідім…Төбеме жай түскендей күй кештім…

‘Құдайым-ау, бұл мүмкін бе, қалайша?’ деп сенбедім, сенгім келмеді…. Жанарымнан жас парлай берді….

Кеше ғана ‘Айналайын, әпкетай, ертең Сіз үшін ерекше күн, алдын ала құттықтаймын. Ұзақ жасаңыз, Сізді қатты жақсы көрем, концертіңіздің керемет өтеріне еш күмәнім жоқ’ деп xат жолдап еді ғой… Дәл кеше ғана еді сол xаттың келгені… Қалайша? Бірдеңені сездің бе, күні бұрын құттықтауға неге асықтың екен, қоштасқаның ба бұл әлде?

Пендеміз ғой, кейін сөйлесерміз деген оймен ‘көп раxмет, Айзатжан’ деген бірауыз жауап жазып жібердім.

Қайран, өмір… Ол сәттің енді орайы келмейтінін, жаныма жақын сіңліммен енді қайтып тілдесе алмайтынымды қайдан білейін…

Айзатжанның қазасы оның танитын барлық жанның қабырғасын қайыстырғанына күмәнім жоқ… Пешенесіне анасыз өсуді жазған кішкентай ботақан үшін жүрегім қарс айырылады…

Амал нешік?!.. Бәріміз кету үшін келдік… Осы ғана жұбаныш…

Бүгінгі қасиетті жұма күні Айзат үшін дұға тілеп, Ата-анасына, жолдасы мен барлық туыстарына қайғыра көңіл айтамын!

Айзатжан, Алла алдыңнан жарылқасын, жаның пейіште шалқысын… Осы дүниедегі жақсылықтарың ол дүниеде алдыңнан нұр боп шыққай…

Сенің жадыраған бейнең мәңгілік есімізде қалады…

Жақындарымыздың қадірін біліп, күнделікті көңіл бөлуді, дер кезінде жылы сөз арнауды ұмытпау керек екен…», — деп аяқтады сөзін Әбілдина.

Қарақаттың бұл жазбасы оқырмандарды бейжай қалдырмады. Көздеріне еріксіз жас келгенін айтқан желі қолданушылары да дұға-тілектердің қабыл болуын тіледі.

Естеріңізге сала кетсек, 4 сәуір күні күллі Ақтөбе жұртын дүр сілкіндірген оқиға болған еді. Үш жасар қызымен бірге лифтіге кірген келіншек шахта мен кабинаның екі ортасында қысылып, жан тапсырған болатын.

Пікір қалдырыңыз