«Рухани жаңғыру»: Ақтөбе облысында 89 жоба іске асырылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай бір жыл ішінде 89 жоба іске асырылды. Әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталып, Қазақстанның киелі жерлері тізіміне Ақтөбеден 10 нысан енді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде «Жастар, ғылым және инновациялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға қоғамдық ұйым өкілдері, жастар қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы кезінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Мәселен, облыста 89 жоба іске асырылды. «Білім мен тәжірибе» кіші бағдарламасы аясында Шығармашылық академиясы қолданысқа берілді.
Сонымен қатар, оқушылар мен студенттер еліміздің киелі жерлерін аралады. Олар Абат Байтақ, Қобыланды батыр, Хан моласы, Есет Батыр кесенесі мен Жаманшың кратеріне барды. Әрі Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарын аралады.

Ал биыл осы бағдарлама аясында «Бақытты бала» жобасы қолға алынды. Бұл жобаны іске асыруға барлығы 4 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Киелі жерлерді аралау үшін «Туған жер» туристік маршруты бойынша экспедиция ұйымдастырылады.

«Бір жыл ішінде «Туған жерге тағзым» акциясы өтті. Оған 21 мемлекеттен жерлесіміз келіп, әрқайсысы үлес қосты. Жыл ішінде бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Шығармашылық академиясы, Өнер орталығы, Хоккей модулі, Жұбановтар әлемі, Аналарға тағзым атты рухани-мәдени ғимараттар қолданысқа берілді. Ал 100 жаңа есімге бес ақтөбелік енді. Жалпы төрт кіші бағдарлама бойынша 89 жоба іске асырылды. Бағдарлама аясында бизнес өкілі, мемлкеттік қызметкерлері, ғалымдар да жұмыс істеді. Жастардың да қолдауы бар», — деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. Ол өз сөзінде жас ғалымдарға қолдау жасалып, гранттар берілетінін жеткізді.

Айта кетейік, бағдарлама аясында Ақтөбеде «Өлкетану» оқулығы шығарылды. Жаңа оқу жылында облыс мектептерінде факультативтік пән ретінде оқытылады. Барлығы 44 200 дана кітап дайын тұр.

Пікір қалдырыңыз