Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған проблемаларды жойып жатырмыз — Құлыбаев

Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, өңірде кәсіпкерлікті дамытудың тиімді бағыттары және түйіткілді мәселелерін шешу жолдарын қарастырған кеңейтілген мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңесінде өткен жиынға аймақ басшысы Мәлік Мырзалин, облыстық мәслихат депутаттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, облыстық департаменттер, басқармалар және түрлі ведомство басшылары қатысты. Мәжілісте кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында түсініспеушіліктен туындайтын даулы кейбір мәселелер және мемлекеттік жекеменшік серіктестік, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, шағын және орта бизнесті дамыту сөз болды.

«Палата құрылған бес жылдың ішінде бизнес құрылымдарымен байланыс дұрыс жолға қойылды. Өңірлердегі ұлттық палата өкілдері кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген проблемаларды анықтап, шешуге атсалысуда», — дей келе, Тимур Құлыбаев жергілікті билік өкілдерін кәсіпкерлікті дамыту бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.

Президиум төрағасының айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде кәсіпкерлерден 22 мың өтініш түссе, оның 40 пайызы оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің құны 92 миллиардтан астам теңге болатын мүліктік құқығы қорғалды. Оның ішінде, айыппұлдар, өсімақы және мүлікті сақтау үшін төленетін ақылар бар. Сонымен қатар ұлттық палатаның қатысуымен жаңа салық кодексі әзірленді. Әсіресе, мемлекеттік жекеменшік серіктестігі және «Бастау» жобаларының жүзеге асырылуына ықпал етті.

Осы орайда облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңір кәсіпкерлеріне барынша қолдау көрсетіліп, олардың мәселелерін талқылау және шешу жолдарын іздестіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат Сұлтанов өз баяндамасында кеңінен таратып, айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде, облыста кәсіпкерлік субъектілерінің саны 42 мыңды құрайды. Соңғы жылдары сауықтыру, экология, аңшылық, балық аулау және тау-шаңғысы бағыты бойынша кәсіпкерлікті дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан жергілікті кәсіпкерлерден түскен 390 шағымның жартысы оң шешімін тапты.

Сонымен қатар сапар аясында президиумының төрағасы Көкшетау қаласындағы «Асыл арман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, іргелі өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Пікір қалдырыңыз