Құр уәдеден шаршаған Ақтөбе тұрғыны құлағалы тұрған шатыр астында тұрып жатыр


Былтырғы су тасқыны кезінде Қисық көл саяжайында орналасқан Мейрамғали Кенжебаевтың үйін су басқан болатын. 1,5 метрге көтерілген тасқын судың салдарынан тұрғын үй жарамсыз болып қалды. Үй алып береміз деген құрғақ уәдеден шаршаған тұрғын төрт баласымен шатыры құлағалы тұрған баспанада өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Басында су келген кезде №40 мектепке апарып көшірді. Шығып бара жатқанда матрац төсеніштері, азық-түлік, 30 000 теңге бергені бар. Кейін шақыртып қаражат береміз деді. Сол кезде Рузия Айдашова (Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары — ред.) «Қолқанат» қорының басы-қасында жүрді. Маған үйді бағалайтын мамандар керек екенін жеткіздім. Кейін ұзақ күттім. Бермейміз деп айтпайды. Жүрегім ауырып емханадан шыққаннан соң 4 000 000 теңге беретіндіктерін айтты. Кейін ондай мәселе шешіліп жатқанын айтпады. Бірақ, баспана береміз деп шығарып салады», — дейді Мейрамғали Кенжебаев.

Кішкентай балаларымен шырылдап отырған әке қайда барарын білмей отыр. Тіреу ағаштың күшімен тұрған шатырдан жел үрлеп, жаңбыр суы ішке құяды.

«Әр түрлі ерікті жастар мен бейтаныс жандар азық-түлік әкеліп тұрады. Қарапайым жандар көмегін беріп жатыр. Кейде ағамның машинасын алып адам тасимын. Әйеліме тұрақты жұмыс жоқ. Берген уәдеден шаршадым», — дейді Мейрамғали Кенжебаев.

Пікір қалдырыңыз