Көршілес Батыс Қазақстан облысында Ақтөбе жастарының күндері өтеді


«Мен ақтөбелікпін!» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында Ақтөбе жастарының күндері өтеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Мен ақтөбелікпен!» жобасы іске асырылып келеді. Өткен жылы басталған жақсы бастама биыл жалғасын табады. Жоба аясында басқа өңірде білім алып жүрген жастардың тізімі жасалды. Қазіргі кезде олар Алматы мен Астана, Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында білім алып жүр. Барлығы 4800-ден астам студенттің басым бөлігі Астана мен Алматыда оқиды.

«Сәуірдің 20-нан кейін Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы үш жоғары оқу орнында кездесу болады. Онда 700-ден астам студент білім алса, оның 160-ы қолына диплом алады. Ауыл шаруашылығы, индустрия саласының мамандары бізге де қажет. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері барып, жастармен кездесіп, жұмысқа шақырады», — деді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Қазіргі кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 57 маманға сұраныс бар.

Сонымен қатар, Ақтөбе жастарының күні аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, облыс туралы көрме ұйымдастырылады. Кейін «Кемал» жастар театры «Өмір – өзен» қойылымын сахналайды.

Пікір қалдырыңыз