Ақтөбеде 5 мыңнан астам жас жаз бойы жұмыс істейді

Ақтөбе облысында «Жасыл ел» жасағы жұмысты бастады. Жұмысқа орналасуды қалағандары аудандық ресурстық орталықтарға барып тіркелуге болады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша биыл 5500 жас жұмыспен қамтылады. Басым бөлігі аудан жастары. Жоспар бойынша олар көгалдандыру, абаттандыру, құрылыс жұмыстарына тартылады.

«Жастардың жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Биыл осы мақсатта «Жасыл ел» жастар жасағының жұмысын ұйымдастыруға 400 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Балалардың жұмысы облыстық ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары арқылы ұйымдастырылады. Барлығы 12 аудан мен Ақтөбе қаласында жұмыс жүріп жатыр. Жастар ресурстық орталығында тізім жинақталып, комиссия шешімімен аудандық жұмыспен қамту бөліміне ұсынылады», — деді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Жастарды тек жазғы демалыста емес, жыл бойы жұмыспен қамту жоспарда бар. Қазіргі күні 76 жұмыссыз жас елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмысына тартылды. Жоспар бойынша биыл «Жасыл ел» жасағының қорытынды жиыны Ақтөбеде өтеді.

«Орман шаруашылығына биыл 475 адам келеді. Оларға 18 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, қосымша 295 адам алуға 11 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Олар жас екпелерді қопсыту, қоқыстан тазарту жүреді», — деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты падалануды реттеу басқармасының басшысы Асхат Көбенов.

Бүгінде Ақтөбе қаласы мен аудандардағы құрылысқа 900-ден астам студент барады. Олардың жалақысы орта есеппен алғанда 50-55 мың теңге көлемінде болады. Жұмысшы жастардың барлығы арнайы киіммен қамтамасыз етіледі.

Пікір қалдырыңыз