Ақтөбеде жұмыс таба алмаған ауыл тұрғыны қоян асырады

Мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының тұрғыны Жанерке Бекмырзаева кәсіпкер болды. Ол қазір қоян бағады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысының тұрғыны Жанерке Бекмырзаева жоғары оқу орнында білім алып, дипломмен ауылға барады. Бірақ туған жерінде тұрақты жұмыс таба алмай, жастар тәжірибесімен Шалқар ауданындағы мектепте хатшы қыздың қызметін атқарады. Жұмысына көңілі толмаған жас маман «Бастау» бағдарламасымен кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге шешім қабылдап, қоян өсіруге арналған бизнес жоспар дайындайды.

«Кішкентай кезімде әкем қоян бақты. Сондықтан осы бағытты қолға алуға шешім қабылдадым. «Айлин» жеке кәсіпкерлігін тіркетіп, бизнесті бастауға 400 мың теңге салдым. Алғашында әкем мен інім қоянға қажетті торды жасап берді. Үйдің маңында қора бар. Ресейден 15 қоян сатып алдым. Қоян тез көбейіп келеді. Еті мен терісіне сұраныс бар»,- деді кәсіпкер Жанерке Бекмырзаева.

Қазіргі күні қоянның саны 50-ге жетті. Кәсіпкер алдағы уақытта 2 миллион теңге несие алып, тор жасап, арнайы ғимарат салуды жоспарлап отыр.

«Қоянның еті пайдалы, диеталық өнім. Кейін терісін илеп, тон, сөмке тігуге болады. Осы бағытты жандандырып, шаруашылықты кеңейтуді мақсат етіп отырмын»,- деді ол.

Қазіргі кезде жас кәсіпкердің идеясын іске асыруға Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Шалқар аудандық филиалы көмектестіп жатыр.

«Алдағы уақытта іс алға басып, шаруашылық ауқымы кеңейсе, қоян атуға рұқсат беріп, туристерді шақыруға мүмкіндік болады. Бұл кәсіпкердің бизнес жоспарында бар»,- деді «Бастау» жобасының бизнес кеңесшісі Бақытжан Анапин.

Өткен жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында 263 адам кәсіпкерлікті меңгеріп, 58 түлек ісін бастады. Олар 143 миллион теңге несие алды.

Пікір қалдырыңыз