Ақтөбеліктер жазасын өтеушілер жасаған бұйымдарды сатып алды


Ақтөбеде түрмеде отырып, ағаштан, темірден түрлі бұйымдар жасаған жазасын өтеушілер бүгін өз өнімдерін көрмеге шығарды. Оларға жұмыс беріп отырған компаниялар көрме-жәрмеңкеде ағаш ыдыстар мен бесік, сандық, спорттық бұйымдар, киім сатты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында «Серпін» көрмесі өтті. Оған түрмедегі цехтарды жалға алып, жазасын өтеушілерге жұмыс тауып беріп отырған компаниялар қатысты. Ағаштан жасалған бұйымдар қала тұрғындарын таңқалдырды.

«Ақтөбе қаласында облыс әкімдігінің ұйымдастырумен алғаш рет көрме-жәрмеңке өтті. Тәрбие жұмысының түрлі жолы бар. Еңбекпен тәрбиелеудің орны ерекше. Жазасын өтеушілер білім алып, жұмыс істесе, абақтыдан шыққан кезде қоғамға тез бейімделеді, қылмыс істемейді. Біз бос ғимараттарды кәсіпкерлерге беріп отырмыз. Олар коммуналдық шығынды төлейді. Қазір 500 жазасын өтеуші жұмыс істеп жүр», — деді Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ернат Ақылжанов.

Қазіргі кезде 440 жазасын өтеуші жұмыссыз отыр. Сонымен қатар, пробациялық бақылауда жүрген 300-ден астам адамға жұмыс керек. Облыс бойынша 1900 адам абақтыда отыр. Олардың 1600-ден астамы түзеу мекемесінде, өзгесі тергеу изоляторында. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырғандардың 70 пайызы жұмыс істейді. Көрмеге қойылған бұйымдарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарап шығып, тапсырыс беру арқылы жазасын өтеушілерді толық жұмыспен қамтуға болатынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Ұлт жоспарында жазасын өтеушілерге жүйелі түрде оңалту жұмыстарын тапсырған болатын. Мақсатымыз – мамандық беру, әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналастыру. Ақтөбе мен Жем қалаларында 100 адамды оқытуға арналған колледж ашылды. Құрылысшы, темір ұстасы, дәнекерлеуші дайындалады. Квотамен жұмысқа орналастырамыз. Жыл сайын 300 квота беріліп жатыр. Ол азаматтар мамандық алып, жұмыс істесе, квотаны көбейтуге мүмкіндік бар», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Барлығы 60 меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта құрылыс компаниялары, жергілікті әкімдік, білім, денсаулық сақтау саласы тапсырыс береді. Темір есік, жаяу жүргіншілер жолына арналған тастар мен киім, төсек жабдықтарын дайындайтын жазасын өтеушілер қазір 16 компанияда жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 35 мың теңге. Өткен жылы компаниялар 1,3 миллиард теңге салық түсірген.

Пікір қалдырыңыз