Баян Мақсатқызы: Біздегі жауапсыздық жас журналистің өмірін қиды

Баян Мақсатқызы күні кеше Ақтөбеде орын алған оқыс оқиға жайлы жазып, лифт жаншып өлтірген жас журналистің өліміне сала мамандарының ұқыпсыздығын кінәлады деп хабарлайды NUR.KZ.

Продюсер бұл жайында Instagram парақшасында жариялады.

«Лифтілер сынып, жап-жас журналист қаза тапты. Әрине, сала мамандарының жауапсыздығынан осындай оқыс оқиғалар орын алады. Осындай бассыздық жалғаса берсе, өзі жап-жас әрі әдемі журналистің қазасы соңғы болмайтыны анық. Лифтілерді жөндеуге бөлінген қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Маргарет Тетчер айтпақшы «Мемлекеттің қаржысы деген нәрсе жоқ. Тек ақша мен салық төлеушілер ғана бар». Қалтамыздан шыққан қаржының қайда кеткенін ешкім білмейді. Бұлай жалғаса берсе жастарымыздың тосыннан қаза табуы осы оқиғамен аяқталмайды», — деді ол.

Айта кетейік, сәуірдің 4 күні Ақтөбеде үш жасар қызын серуендеуге алып шыққан Айзат Әбдісамат есімді журналисті бұзылған лифт жаншып өлтірген болатын. Анасы көз алдында қаза тапқан кішкентай қыз бас жарақатымен ауруханаға түсті. Қазір оқыс оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Пікір қалдырыңыз