Ақтөбедегі екі аудан: Астана мен Алматы немесе Сазды мен Елек

Ақтөбеде құрылған екі ауданға атау беру туралы қоғамдық тыңдау өтті. Әкімдік арнайы топтың шешімімен Алматы мен Астана атауын ұсынып отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Ақтөбе қаласын екі ауданға бөлу бір жылда қабылданған шешім емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ақтөбе қаласын төртінші агломерация орталығы деп белгілегенін жақсы білеміз. Бұл барлық ақтөбеліктер үшін қуанышты жағдай деп білемін. Себебі, агломерация орталығының болуы Ақтөбе қаласы тұрғындарының әлеуметтік жағдайы, халық өсімінің жақсы көрсеткіштеріне тікелей байланысты. Ақтөбе қаласында екі ауданды құру биыл 29 наурызында талқыланып, мәслихат депутаттары бірауыздан шешім қабылдады. Қалада көшелерге, елдімекендерге атау беру бойынша жұмыс тобы өз қызметін атқаруда. Оның құрамында ғалымдар, қоғамдық ұйым басшылары, депутаттар, ардагерлер кіреді. Жаңадан құрылған екі ауданға атау беру жұмыс тобында талқыланды. Халық Елек, Сазды, Астана, Қарғалы, Бауырластар, Алматы, Абай, Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр деген бірнеше ұсыныс түсті. Атауларды саралай келе Астана және Алматы атауларына тоқталды. Алматы, Астана ұғымдары біздің тәуелсіздік, егемендік секілді ұлы ұғымдардың символы ретінде есептеледі. Бұл ұғымдар Қазақстанды шетелде танытатын брендтер деп те айтсақ болады. Әрбір ақтөбелік Алматы немесе Астана ауданының тұрғынымен деп мақтанышпен айтады деген ойдамын. Біздер миллиондар тұратын қала болғымыз келсе, алға жылжуымыз, жаңаша ойлауымыз керек», — деді қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Ақтөбе қалалық мәдениет үйіне жиналған тұрғындар Сазды мен Елек атауын ұсынды.

«Ақтөбені екіге бөліп, Алматы деп Астана деген атау беруді ұсынды. Екі қала да қазақтың туын тіккен жүрегі. Астана десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Бірақ Ақтөбе болған соң облыс құрылған кезде Електі жағалап қонған. Өзім жыршы, термешімін. Қырымның қырық батыры, Әбубәкір Кердері де Елек пен Қобда арасы деп отыр. Мен Елек пен Сазды деген атауды қолдаймын. Жалтақтап, Алматы мен Астананы қоямыз деп айту қате», — деді ақтөбелік тұрғын Әділбек Сарин. Залда отырып сөз алғандар да осы атауды жөн көрді.

«Астана мен Алматының өз орны бар. Оған ешкім таласпайды. Екі қала Қазақстанның бренді. Ал Ақтөбеде Елек пен Сазды бренд болуы керек», — деді қала тұрғыны Кенжетай Раббаев.

Ал мұғалімдер қауымы Астана мен Алматыны қолдады.

«Қаланың қазіргі өсу қарқыны өте жоғары. Елден көшіп кету азайып, қоныстанушылар көбейді. Оны мектепке дейінгі, мектеп оқушылары контингентінен аңғаруға болды. 2013 жылы қалада 67 мың бала болса, 2017 жылы 96 мыңға жетіп отыр. Қала тұрғындарының саны 400 мыңнан асты. Бұл медицина, білім, ішкі істер қызметкерлерінің жұмысын күрделендірді. Бұрын да Ақтөбеде екі аудан болды. Тәжірибені пайдалана отырып, қаланы екі ауданға бөлу жөн. Бұл 13 мың мүшесі бар білім саласының қызметкерлерінен құрылған кәсіподақта талқыланды. Біз Алматы мен Астана атауын қолдап отырмыз. Алда бәсекелестік күшейіп, білім сапасы артады деп үміттенеміз», — деді Ақтөбе қалалық білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Лида Оралбаева.

Пікір қалдырыңыз