Ақтөбедегі барлық сауда нысандарында өртке қарсы оқу жаттығу кезеңі өткізіледі

Бүгін «Алатау» сауда орталығында арнайы өрт дабылы беріліп, нысандағы барлық адамдар сыртқа шығарылды. Өрт-тактикалық жаттығу шарасына төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметкерлері, арнайы техникалары жұмылдырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

2013-2017 жылдар аралығында сауда орындарында 4 өрт оқиғасы тіркелген, олардан жалпы шығын 51 млн теңгеден асқан. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында биыл мамыр-сәуір айларында арнайы Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша барлық 46 ірі сауда нысандары өрт қауіпсіздігі талаптарына сай тексерілетін болады.

«Бүгінгі жаттығу кезеңінде қызметкерлерге және сауда орындарындағы қарапайым халыққа кез-келген белгі берілген кезде шұғыл қосалқы және авариялық шығу жолдарына назар аудару керек екенін түсіндірдік. Өрт уақытында жылдам керек заттарын алып тысқа шығу керек екенін айтып өттік. Қазіргі таңда барлық сауда орындарына тексеріс жүргізетініміз туралы хабарлама беріп жатырмыз», — дейді Ақтөбе қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Айбат Жаңабергенов.

Өрт оқиғасы бола қалған жағдайда «101» және «112» телефон нөміріне хабар беру керек!

Пікір қалдырыңыз