Агенттік: Қазір мемлекеттік қызметкерлер өз басшылығынан да көп қысым көріп жатыр

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры Арман Бердалин бірнеше кездесу өткізген. Басшы мемқызметкерлердің жиі сөз естіп, әркімнің тепкісінде жүретініне алаңдаулы, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Қазір барлық жерде тәртіптік кеңестер бар. Мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптері қаралады. Біз тәртіпті ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің құқын қорғауды қолға алуымыз керек. Жазбаса отыра алмайтын бір адамдар бар. Олар жазды екен деп мемлекеттік қызметкерлердің барлығын жазалай беруге тағы болмайды. Қазір қызметшілер қоғамның, көптеген тексерушілердің және өз басшылығы тарапынан да көп қысымға алынып жатыр. Осы мақсатта қызметкерлердің құқын қорғауды қолға аламыз», — дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің директоры Арман Бердалин.

Агенттік өкілі тұрғындар қоғамдық жағдайларға белсене араласу керек деген пікірде.

«Павлодар облысының бір ауыл тұрғыны агенттікке қоңырау шалды. Ауылда тартылып жатқан су құбыры құрылысының кемшілігін байқап қалған. Тексеру барысында ол кемшілік анықталып, мәселе 15 минуттың ішінде шешілді. Осындай жағдай халықтың өзі үшін керек. Әкімдер, басшылар бүгін бар, ертең басқа жерге ауысып кетуі мүмкін. Олар қатардағы жауынгерлер. Біздің агенттік басшысының өзі жеті есіктің артында отырған жоқ. Ауылдың да, ауданның да әкімдеріне өзі қоңырау шалады. Сондықтан біз халықтан кез келген кемшілік туралы бізге хабарлауын сұраймыз», — дейді Арман Бердалин.

Пікір қалдырыңыз