Еңбекке баулу — болашаққа бағдар

Қазақтың қолөнерінде былғарының орыны ерекше. Бабаларымыз теріні илеп, тұрмысқа пайдаланған. Киім тігіп, кебіс киген. Былғары қазір де құнын жоғалтқан жоқ. Оның өңдеу мен пайдаға жарату заман ағымына қарай өзгеріске ұшырады.

Шалқар ауданында былғарыдан жасалған кәдесый жасайтындар қатары артты. Оның бірі — Ақтоғай ауылының тұрғыны Қазымбетов Тілеужан.

Оқушыларын еңбекке баулып, ептілікке үйрететін ұстаз жас қолөнершілермен бірге торсық, қамшы, бойтұмар, қобыз, шаңырақ кәдесыйларын жасады. Коллаж-портрет те оқушылардың ынтасы, ықыласымен жасалды.

Бұл жұмыстарды ұстаз Шалқар аудандық білім бөлімінің «Былғарымен жұмыс және қазақтың қол өнері» атты қолөнер бұйымдарының сырттай байқауына жолдайды. Ондағы ойы оқушыларына шабыт беріп, технология пәніне қызығушылығын арттыру болатын.

Байқау қорытындысы шығып, мектеп бойынша жүлделі І-орынмен Ақтоғай жалпы білім беретін орта мектебі марапатталды. Бұл оқушылар жұмысының нәтежиесі. Еңбегінің еленгені. Ұстаз жұмысының нәтижесі.

Ақтоғай орта мектебінің оқушылары жыл сайын дәстүрлі аудандық көркемсурет лицейінде, Оқушылар сарайында ұйымдастырылатын «Шеберлер ауылы», «Балауса» көрмелерінде жүлделі орындармен марапатталып келеді. Ақтоғай ауылындағы жас шеберлердің жұмысы мұнымен шектеліп қалмай, жандана түсері сөзсіз!

Пікір қалдырыңыз