Ақтөбелік студент: Құрал-жабдығы жоқ ауылда дәрігер өз-өзін дамыта алмайды


Медицина университетінің студенті Ақтөбеге келген мәжіліс депутаттарына сыни сұрақ қоя білді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Парламент мәжілісінің депутаттары Елбасының тапсырмаларын түсіндіру үшін ақтөбелік студенттермен кездесті. Олар қысқа да нұсқа кіріспе сөздерін айтып, бірден сұрақ-жауап форматына көшті.

«Ауылға келген жас дәрігердің техникалық құрал-жабдыққа зәру болатыны бәріне мәлім. Олар өздерінің гранттарын қайтару үшін ауылдарға барады. Сол жаққа барған кезде олар дами алмайтынын түсінеді. Өйткені ауруханаларда құрал-жабдық, дәрі-дәрмек болмай қалады. Сондықтан дұрыс диагноз қойып, сапалы ем жүргізу өте қиын. Осының салдарынан ауылдағы медицина жапа шегеді. Осымен қалай күресуге болады?», — деді М.Оспанов атындағы Медицина университетінің студенті Нина Фром депутаттарға.

Мамандығы педиатр, бірақ қазір депутат болып отырған Иван Клименко жас студенттің пікірімен келіспеді. Оның сөзінше, аудан ауруханаларында құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек жеткілікті.

«Мен мұны толық сеніммен айта аламын. Өйткені, аудандарға барғанымда мен міндетті түрде ауруханаларға жолығам. Қазіргі таңда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі өте жоғары. Тек логистика мен тасымалдау жағынан проблема бар», — деді депутат Клименко.

Студент қойған сауалдың қызық болғаны соншалық сахнада отырған бес депутаттың төртеуі де жауап берді.

«Жағдай жоқ дейсіз. Бұл олай емес. Қазір құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жақсарған. Бірақ барлық дәрігер сол жабдықты қолдана алмайды. Егер сіз жақсы маман бола тұра, қазірдің өзінде ауылға барғыңыз келмесе, онда ауылдық медицинаны қалай көтереміз?», — деді «Ақжол» партиясының атынан сайланған депутат Кеңес Әбсатаров студентке.

Үшінші депутат Шавхат Өтемісов сандық техологияны дамыту керектігін айтты. Оның сөзінше, интернет байланысы арқылы тәжірибелі маманмен тілдесіп, өз-өзін дамытуға болады.

Ал заңгер депутат Евгений Козлов құрал-жабдыққа емес, университетте алған білім мен тәжірибеге сүйену қажеттігін алға тартты.

«Мысалы, сізді ешқандай интернеті, құрал-жабдығы жоқ үйге шақыруы мүмкін. Ал науқасты емханаға апаратын мүмкіндік болмай қалды делік. Сондықтан аппаратқа сеніп қалмаңыздар», — деді Евгений Козлов.

Ілияс Назар, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз