«Бақытты бала»: Ақтөбелік оқушылар Қазақстанның киелі жерлерін аралайды

Ақтөбе облысының оқушылары жазғы демалыста Қазақстанның киелі жерлерін аралайды. Биыл «Бақытты бала» жобасы аясында 2 мың бала демалыспен қамтылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысына келетін туристердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылы Ақтөбеге 77 мыңнан астам қонақ келсе, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп екенін көрсетіп отыр. Көбі іскерлік кездесуге келген. Ал өңірдің мәдениеті, тарихымен танысуға келгендер әлі де аз. Бұл бағытты дамытуға жолдың қашықтығы, қызмет сапасының төмендігі, тарихи орындарды таныту жұмысының аздығы себеп болып отыр.

«Биыл «Бақытты бала» жобасы аясында барлығы 2 мың ақтөбелік оқушы Қазақстанның киелі жерлерін аралайды. Олар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарына барады. Сонымен қатар, Қазақстанның киелі жерлері қатарына енген Ақтөбедегі 10 орынмен де танысады. Киелі жерлерге оқуда озат, алғыр, олимпиада жеңімпаздары, спортшылар таңдалады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары да барады. Ал Ақтөбе облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы 100 оқушыны Байқоңыр-Түркістан-Ташкент-Самарқан бағыты бойынша сапарға шығарады», — деді облыстық басқарманың бөлім басшысы Жанна Бүркітбаева.

Пікір қалдырыңыз