Семейде Ертіс өзенінің арнасынан шығуынан 220 адам эвакуацияланды

Тұрғындар уақытша қонақ үй мен мектеп ғимаратындағы эвакуация орталықтарында орналастырылды. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Алдын-ала мәлімет бойынша Ертіс өзендегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 141 тұрғын үй мен 596 саяжайды су алды. 220-ға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды BNews.kz ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір тәулік ішінде апаттық-құтқару жұмыстарына 500 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында ІІМ ТЖК жеке құрамы, жергілікті полиция қызметі, ұттық гвардия мен жергілікті атқарушы билік органдары бар. Су басқан аудандарда 116 бірлік техника, 54 су айдайтын құрылғы мен 7 жүзу құрылғысы жұмыс жасауда.

Кеше кешке Семей қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия құрылып, шығындар көлемін есептеуде. Соңғы тәулік ішінде бөгеттерді бекіту, инертті материалдарды төсеу жұмыстары жүргізілді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша бүгінде аймақ бойынша 897 үйден су кетті. Глубокий ауданында 22 үй, Шемонайха ауданында 4 үй әлі де су құрсауында қалып отыр. Бұл жерде судан сорғыту жұмыстары жүргізілуде. ШҚО ТЖД-нің мәліметінше еріген қар суы 33 елді мекенге жайылған. Олардың қатарында Аягөз, Өскемен, Шемонаиха, Семей қалалары мен тағы 12 аудан бар.

Пікір қалдырыңыз