Ақтөбелік синоптиктер әр бес күн сайын өзен суларының деңгейін тексеріп отыр


«Қазгидромет» РМК синоптиктері наурыз айы басталған кезде әрбір бес күн сайын ақпарат тарата бастады. Мәліметтердің бәрі жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметіне түсіп отыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өзен арналарын тазарту, көпір құрылысы, өзен жағасын бекіту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елек, Қарғалы, Жаман Қарғалы, Жіңішке, Песчанка өзендеріндегі жұмыстармен танысты. Өзен арналарын тазарту кезінде инженерлік инфрақұрылымдар кедергі келтіріп тұр. Мәселен, Песчанка өзенінде газ және байланыс желісі бар. Қазір «Байнұр» компаниясы өзіне тиесілі сымды көпірмен жүргізу немесе арнайы құбырмен тартуды қолға алды. Барлық дайындық жұмыстарына толық бір апта берілді. Кейін су жүру басталады.

«Ауа райының ертең қалай болатынын білмейміз. Күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Қазір қолда бар мәліметке сүйенетін болсақ, қардың қалыңдығы өткен жылдан екі есе аз. Үш су қоймасы да 50 пайызға толмаған. Бірақ жердегі тоң 20-150 сантиметрге дейін жеткен. Ертең күн тез жылынса, соңғы жауған қар тез еріп, баратын жері болмай қалады. Жұмысты пысықтап, зерттеу керек. Өткен жылдан сабақ алып, су жиналатын жерлерді білеміз. Тексеру, тазалау жұмысы жүріп жатыр. Ақтөбе қаласы ғана емес Хромтау, Ырғыз, Қарғалы аудандарында да қауіпті аумақтар бар», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбелік синоптиктер Ақтөбе су қоймасына тағы 209 миллион текше метр су келетінін жеткізді. Серік Ибраевтың айтуынша, биыл алғаш рет жаңа тәсіл қолданылып, су жиналу жорамалы жаңа әдіспен есептелді.

«25-30 наурыз аралығында Ақтөбе облысы аумағында күн жылынады. Кей жерлерде +5 +10 С-қа дейін жылынады. Түнде -5 -10 градус аяз. Кей жерлерде жауын-шашын болады. Салдарынан қар тез еруі мүмкін», — деді Серік Ибраев.

Пікір қалдырыңыз