Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы: Ақтөбеде ет және сүт өңдеуді арттыру үшін аудандарда шағын цех жұмыс істеуі тиіс


Ақтөбеде ет өңдеу 38, ал сүт өңдеу 37 пайызды құрап отыр. Ет және сүт өңдеуді арттыру үшін аудандардағы шағын цехтар жұмыс істеуі тиіс, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы, соның ішінде ет пен сүт өңдеу жұмысын жетілдіру үшін шаруалар жаңа кәсіпорынды іске қосып жатыр. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Облыста алты сүт зауыты, 11 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істегенімен, ішкі сұранысты толық қамтамасыз еткен жоқ. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы екі бағытты дамыту үшін жаңа ұсыныстар берді. Мәселен, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен сервистік-дайындаушы орталықтарына ет пен сүтті жинап оны қайта өңдеуге жіберу үшін айналыс қаржысын қарастыруға болады. Тозығы жеткен техниканы жаңарту үшін пайыздық үстемақысы аз несие беру ұсынылды. Әрі өңірдегі сауда орындарын жайлаған алыс және жақын шетелдерден әкелінетін өнімдерге талапты күшейтіп, техникалық регламенттің сақталуын бақылау қажет.

«Облыс бойынша ет және сүтті қайта өңдеу үлесі 38,1% және 37,1% құрайды. Қайта өңдеу кәсіпорындарының көбісі облыс орталығында орналасқан. Негізгі ет пен сүттің қайта өңдеу үлесі жеке қосалқы шаруашылықтың есебінен келеді. Әйтеке би, Алға, Байғанин, Мұғалжар және Шалқар аудандарында сүтті қайта өңдеу цехтары мүлдем жоқ. Мәртөк ауданында ет өңдеу кәсіпорны жоқ, бірақ алты қайта өндеуге әлеуеті бар. Ырғыз, Қобда, Ойыл және Темір аудандарында ет пен сүтті қайта өңдеу қарастырылмаған», — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сарсембай.

Фото: Aktobetv.kz

Пікір қалдырыңыз