Ақтөбеде мақсатты пайдаланылмаған жер телімдері мемлекетке қайтарылып жатыр


Ақтөбеде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға алынып, бірақ кәдеге асырылмаған жер телімдері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олардың арасында жайылымдық жерлер де бар, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Соңғы жылдары Ақтөбеде мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді тексеру жұмысы жүріп жатыр. Егер шаруашылық ұзақ жылға жалға алып, оны кәдеге асыра алмай отырса, алдымен ескерту беріледі. Қателік жойылып, жер пайдаланылса, шектеу болмайды. Ал жер бос жатса, алдымен ерікті түрде қайтаруға мүмкіндік жасалған. Өзі бермесе, сот арқылы қайтаруға мәжбүр болады. Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалин осы жолмен өткен жылы 168 мың гектардан астам жердің қайтарылғанын айтты. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады.

«2017 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 168,7 мың га жер қайтарылды. Аумағы 65 мың га болатын жайылымдық жерлерді шаруашылық басшылары өз еркімен берді. Ал 87,2 мың га жерді иеленген адамдар жерді сот тәртібімен қайтарды. Сот тәртібімен жерді қайтарғандар арасында Байғанин ауданындағы «Еділбай – Байғанин» ЖШС, Мәртөк ауданындағы «Қарасор – А», «Шаңды – Агро» ЖШС-і секілді ірі шаруа қожалықтары бар. Биыл да бұл жұмыс жалғасады. Өткен жылы берілгеннұсқамаларға сәйкес 137,8 мың га алаңдағы 73 жер учаскесіне бақылау жүргізіледі. Қазіргі уақытта Шалқар аудынындағы «Еңбек» шаруа қожалығының 13,3 мың га жайылымдық жері қайтарылды», — деді Әбдухат Мырзалин.

Айта кетейік, облыста 30 млн 063 мың га жер бар. Соңғы 3 жылда мемлекет меншігіне 1 216,6 мың га жайылымдық жер қайтарылды.

Көрнекі фото: Forbes.kz

Пікір қалдырыңыз