Ақтөбеде экологиялық төлемнен қағылған мұнайшылар компаниямен соттасып жатыр


Ақтөбелік мұнайшылар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ты сотқа берді. Себебі, олар бұрын алып келген экологиялық төлемнен қағылған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбелік мұнайшылар бұған дейін экологиялық аймақта тұрғаны үшін жалақыға үстемақы алып келді. Бірақ қытайлық компания Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сүйеніп, жұмысшыларына үстемақы беруден бас тартты. Жұмысшылар компанияны сотқа беріп, жеңіске жеткенімен, өзінің ұтылғанын мойындамаған компания аппеляциялық шағым түсірді.

Сонымен қатар, «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-нің қызметкерін куәгер ретінде шақырды. Мұнай компаниясы өз жұмысшыларының әрқайсысы дәл осылай талап қойса, әлеуметтік шиеленіс болуы мүмкін екенін жасырмады. Бірақ сот мұнай компаниясының өтінішін қанағаттандырған жоқ.

«Экологиялық үстемақыны қауіпті аймақта жұмыс істейтін жұмысшы ғана алады. Ал бізде экологиялық аймақта тұратын адамдар да осы төлемді алғысы келеді. Заң нақтыланған соң 2 мыңнан астам жұмысшы өз жалақысына үстемақы алып жүр. Еңбек кодексіне сәйкес бізде барлық жұмысшыға бірдей жағдай жасауымыз керек. Ал сотқа жүгінген 3 жұмысшының кесірінен біз сол үстемақы алып отырған 2 мыңнан астам жұмысшыға зиянымызды тигіземіз. Бұрын біз дұрыс жұмыс істемей, министрлікке барып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тек қауіпті аймақта жұмыс істейтін адамдар ғана қосымша ақы ала алады», — деді «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ өкілі Жанна Левжинская.

Мұнай компаниясы облыста жұмысшылар қарсылығы туындап, жаппай сотқа беру басталады деп қауіптеніп отыр.

Мұнай компаниясы экологиялық аумақта тұратын адамдардың нақты санын білмекке сұраныстар жіберген. 2014-2015 жылдары мұнайшылар Шалқар ауданына тіркелуді әдетке айналдырған. Мәселен, 2001 жылы экологиялық аймақта 275 адам тұрса, кейін олардың саны 903-ге жеткен. Айына 12-13 адам Шалқарға тіркеуге тұрған екен. Осылайша мұнай компаниясы өздерін алдаған адамдарды анықтады.

Айта кетейік, сотқа берген мұнайшылар Шалқар ауданының тұрғындары. Қазіргі кезде сот отырысы жалғасып жатыр.

Пікір қалдырыңыз