Ақтөбеде ашуға булыққан әйел күйеуіне пышақ сұғып алды


Ақтөбеде отбасылық жалжал кезінде жас келіншек күйеуіне пышақ сұғып алды. Оң жақ кеудесі жараланған күйеуі айыпталушыға кешірім берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында отбасылық жалжал қаралды. Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша 21 жастағы келіншек айыпталды. Іс материалына сүйенсек, бұрын сотталмаған, орта білімді келіншек күйеуімен ұрысып қалды. Ерлі-зайыпты арасындағы дау-жанжал кезінде ұйықтап жатқан бала жылап, әйел оны жұбатуға ұмтылады. Сол кезде күйеуі оны тоқтатып, жібермей қойған. Ашуға булыққан айыпталушы ас бөлмесінде үстел үстінде жатқан пышақты алып, күйеуінің сол жақ кеудесіне сұғып алады. Күйеуінің жараланғанын көрген кезде кешірім сұрап, жедел жәрдем де шақырған.

Айта кетейік, жәбірленуші әйеліне кешірім беріп, ешқандай талап қоймайтынын, бас бостандығынан айырмауды сұрады. №2 қалалық сотының судьясы Д.Гильманова 21 жастағы әйелді айыпты деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ол пробациялық бақылауда болады. Тұрғылықты жерін ескертусіз ауыстыра алмайды. Сонымен қатар, ойын-сауық орындарына бармайды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікір қалдырыңыз