Ақтөбеде 38 жастағы келіншекке өзінен 23 жас үлкен күйеуі балта алып жүгірген


Күйеуінен қорлық көрген келіншек қазір Ақтөбедегі дағдарыс орталығында тұрып жатыр. 38 жастағы келіншек Айнагүл Алдабергенова (есімі өзгертілді) азаматтық некедегі жолдасынан көрген қорлығын жылап отырып айтты.

«Қолына балта алып жүгірген кезде балаларға қарауға шамам болмай қалды. Үйден қашып шықтым. Ол адам менен 23 жас үлкен. Бес жыл бірге тұрған уақытта көрмеген қорлығым жоқ. Сол үйден шыққанымда құлағым ісіп, түрімнен түк қалмады. Қит етсе жұдырығын ала жүгіреді. Бір баламды ертіп келіп қосылған болатынмын. Мені де, үлкен баламды да, өзінен туған екі кішкентай баланы да сабайды», — дейді келіншек.

Ол өзінің іздеушісі жоқ жетім өскенін айтады. Әйел полицейлерден көмек сұрағанымен тәртіп сақшылары да ештеңе жасай алмай отыр. Ер адам жүйке жүйесі аурулар ауруханасында есепте тұр.

«Қазір келіншекке қаладан уақытша тұратын орын берілді. Балалары сауықтыру орталығына орналастырылды. Келіншектердің көпшілігі қиналса да хабарласпайды. Бірақ көмек сұрағандардың саны қазір 564-ке жетіп отыр. Шағымдардың дені сотқа жетпей, татуласу арқылы шешіледі», — дейді полиция инспекторы Нұргүл Жолдыбаева.

Келіншектің үш баласы күйеуінен тәртіп сақшылардың көмегімен алынған.

Пікір қалдырыңыз