Ақтөбе облысында адамның зәресін ұшыратын зауыт орны индустриалды аймаққа айналуы мүмкін


Бүгін БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген Алға ауданының әкімі өңірдегі шешілмей тұрған мәселелерді тізбеледі. Нағымжан Алдияровтың айтуынша, ауданның сәнін кетіріп тұрған ескі ғимараттар жойылатын болады.

«Қаланың ортасында орналасқан көне ғимараттарды ретке келтіру жұмыстары жүргізіле жатыр. Оның қатарында бұрынғы кинотеатр және 18 жер учаскесі бар. Олар ертеректе жекеге алынып, қолданылмай қалған. Бүгінгі таңда театр иесімен келісімге келдік. Пайдаланылмай тұрған ғимарат орнына жыл аяғына дейін азық-түлік дүкенін ашуды жоспарлап отырмыз. Қалған 18 жер учаскесіне әкімшілік шаралар қаралып жатыр. Жекенің меншігіндегі пайдаланылмай тұрған ғимараттар қайта жөнделеді немесе мемлекет меншігіне қайтарылады», — дейді Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров.

Әкім бірнеше жылдан бері ауданның экологиялық жағдайына кері әсер беріп тұрған химиялық зауыттың орнын өз күшімен шеше алмайтынын айтты.

«Алға ауданында аумағы 300 гектарды құрайтын химиялық зауыттың орны бар. Оның жобалық-сметалық құжаты 8 млрд теңгеге дайындалып болды. Оның орнын тазарту үшін республикадан қаражат қарастыру көзделуде. Әлі тазарту жұмыстары басталған жоқ. Жобаны ретке келтіру екі жылға жоспарланған. Екі жыл ішінде аяқталатын болса индустриалды зона немесе транспорттық-логистикалық жобаны жүзеге асыруымыз мүмкін. Ол үшін көне ғимараттарды құлатып ретке келтіруіміз керек», — дейді әкім.

Сонымен қатар, аудан әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауданда бір жобаның жүзеге асырылғанын айтты. Қараағаш елді мекенінде жергілікті кәсіпкермен 100 орындық балабақша салу жоспарланған.

«Туған жерге» тағзым акциясы аясында «Актеп» ЖШС жалпы соммасы 40 млн. теңгеге 19 үй алаңдарының ауласын дұрыстауға көме көрсетілген.

Ауданда биыл «Бақытты балалық шақ» акциясы аясында балалар ойын алаңын салу жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз