Ләззат Оразбаева: Орамалын шешіп, мектепке барып жүрген оқушылардың білім алуға ынтасы артты

Ақтөбе облысындағы мектептерде орамал мәселесі күн тәртібінде тұр. Сабаққа бармай жүрген оқушылармен класс жетекшілері телефон арқылы сөйлесіп, үй тапсырмаларын беріп отырады. Кейде үйлеріне барады. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, орамалын шешіп, мектепке барған оқушылардың білім алуға деген ынтасы артқан.

«Сабаққа келмей жүрген оқушылар класс жетекшілерімен хабарласып тұрады. Кейде класс жетекшілері балалардың үйлеріне барады. Ата-аналар класс жетекшілерді үйлеріне кіргізбейтін жағдай да тіркеліп жатыр. Бірақ педагогтар қолдан келер барлық көмегін барып жатыр. Шынын айтқанда, орамалын шешіп, сабаққа барған оқушылардың көзі жанып тұр. Олардың сабақ оқуға ынтасы артты. Негізі орамал тағып жүргендер ата-анасының шешімі деп айтады. Олардың арасында үздік оқитындар мен қанағаттанарлық баға алып жүргендер де бар», — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 72 оқушы орамал таққан үшін мектепке бара алмай жүр.

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетовтың айтуынша, 16 оқушы балиғат жасқа толған. Ал 34 оқушы бастауыш сыныпта білім алып жүр. Ал орамал тағып жүрген қыздарымыздың бірі мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленеді. Барлығы 26 оқушы 5-8 класс аралығында.

«Иманды сақтауы, иманды болуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Жекелеген ата-аналардың қыздарының мектепте орамал таға алмағанына реніш білдіруі орынсыз деп санаймыз. Егер қыз балаға үйде жақсы тәрбие берілсе, шынайы иман негіздерімен отбасында сусындап, рухани тәлім алған болса, оны мектепте орамалсыз жүрген 5-6 сағаты қанына сіңген имандылықтан алыстата алмайды», — деді Жолдас Қалмағанбетов.

Пікір қалдырыңыз