Білім олимпиадасы: Ақтөбе Білім және инновация лицейі тағы да көшбасшы атанды

Ақтөбеде облыстық білім олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. Облыс бойынша 700-ден астам оқушы қатысқан білім додасында 400-дің үстінде бала марапатталды. Биыл Ақтөбе Білім және инновация лицейінің шәкірттері топ жарды.

Аталған білім беру орнының директоры Қуаныш Құралбаевтың айтуынша, лицейдің атынан қатысқан 75 баланың 68-і орын алған. 38 оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алып отыр.

«Информатика пәні бойынша оқушыларымыз озық үлгі көрсетті. Математика пәнінен балалар кішкене үмітті ақтамады. Демалыс уақытында информатика сабағынан дайындық мықты болды. Алматы қаласынан мамандар шақыртып, дайындалдық. Математика бойынша ендігі дайындыққа мән беру керек», — дейді Білім және инновация лицейінің директоры.

Қуаныш Құралбеков облыс емес, республика бойынша үздік олимпиада мектептері арасында көш бастағысы келетінін жасырмайды.

Айта кетейік, облыстық білім олимпиадасында бас жүлдені Білім және инновация лицейінің оқушылары жеңіп алды. Бірінші және екінші орындарды М.Құсайынов атындағы мектеп-интернаты мен облыстық физмат мектеп-интернатының балалары иеленді.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз