Ақтөбеде орамал тағып, мектепке бармаған балалар келесі оқу жылына көшпей қалуы мүмкін

Ақтөбеде 72 оқушы қыз мектепке орамал тағып жүр. Жыл басынан бері барлығы 18 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның бесеуі айыппұл төледі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орамал мәселесін үш айда шешуге тапсырма берген болатын. Қазіргі кезде облыстық білім, дін істері, білім саласын бақылау басқармалары бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Ата-аналар, қоғам тарапынан «мектеп формасын әр мектеп өзі реттей алады» деп ойлайды. Бірақ мектеп формасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен ереже шеңберінде ғана жасалады. Сондықтан түсі мен сәнін қоғамдық кеңес бекітеді. Мектеп формасында ешқандай да діни атрибут болмауы керек. Жүрегінде иманы бар, орамал тақпаған адамды кәпір деп ешкім айта алмайды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген әрбір адам мұсылман болып саналады», — деді Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша 72 бала мектепке бармай жүр. Олардың кейбірі екі тоқсан бойы сабақтан қалып қойды. «Жыл басында облыс бойынша 340 бала мектеп формасын сақтамады. Қазір 72 оқушы қалып отыр. Мектеп, класс жетекші, ата-аналар жұмыс істеп, түсіндіру жүргізіп жатыр. Аздаған уақыттан соң олар да ортақ заңдылыққа бағынып, мектепке келеді деп ойлаймын. Барлығы 18 ата-анаға әкімшілік іс қозғалды», — деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, өзге өңірлерге кеткен 32 оқушының 10-ы Алматы қаласына, өзгесі Шымкентке қоныс аударған. Олар өзге өңірлерге қоныс аудару себебін түсіндірмеген.

«Қашықтықтан оқыту тәртібі ел заңнамасына қайшы. Кездесулер кезінде бұл туралы ашық айтылды. Қазіргі кезде ақылы курстарда білім алып жүрген оқушылар бар. Бірақ олардың бағасы мектеп журналына түспейді. Сондықтан бірнеше тоқсан бойы сабаққа келмеген балалар кластан класқа көшпей қалуы мүмкін. Біз бұл туралы Білім және ғылым министрлігіне хабар бердік», — деді Ләззат Оразбаева.

Пікір қалдырыңыз