«Бақытты бала»: Ақтөбеде колледж студенттері балаларға сенсорлы үй жасап береді

«Бақытты бала» жобасы аясында барлығы 588 сенсорлы үй жасалады. Қазіргі уақытта ғылыми-тәжірибелік орталық мамандары сенсорлы үйдің үлгісін дайындап жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы мен бос уақытын тиімді өткізугіне арналған жұмыстар қолға алынды. Ақтөбе облыстық білім басқармасы әрбір колледж, кәсіптік орта оқу орындарының студенттеріне сенсорлы үй жасауды тапсырған. Бірақ алдымен ғылыми-тәжірибе орталығының мамандары үлгісін жасап, шеберлік сабағын өткізеді.

«Қазіргі кезде білікті мамандар сенсорлы үйдің үлгісін жасап жатыр. Дайын болған соң шеберлік сабағын өткізеді. Ал студенттер өз қолдарымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үй жасап береді. Алғашқы шеберлік сабағын 16 наурызға белгілеп отырмыз. Сенсорлық үйлердің бәрі 1 маусымда дайын болады», — деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сенсорлық үйлердің тең жартысы мектептерге берілсе, 337-і үйде білім алып отырған балаларға тарту етіледі. Бұл мақсатқа барлығы 6 миллионға жуық қаржы жұмсалмақ. Сенсорлы үй жасауға бюджет қаржысы жұмсалмайды.

Көрнекі фото: Biznes-prost.ru

Пікір қалдырыңыз