Ақтөбеде жол құрылысының қалыңдығы мен сапасына кез келген тұрғын баға беретіндей бағдарлама іске қосылады

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бюджет қыржысының орынсыз жұмсалмауын қадағалайтын жаңа бағдарлама ойлап тапты. Электронды түрде жұмыс жасайтын бақылау картасында тұрғындар шағымы қаралатын болады. Оның ішінде мемлекет қаржысы жұмсалған және сапасыз құрылыс жүргізілген нысандарған бақылау күшеймек.

«Қоғамдық бақылау картасы үш бағытта жүргізілетін болады: біріншісі, әлеуметтік желілер мен Call-орталығы негізінде арнайы әлеуметтік парақшалармен бақылау жұмыстарын жүргізу және оларда көтерілген сұрақтарға он күн ішінде жауап беру сұрағын қарау; екінші, мобильдік «Qamqor» қосымшасын қосу, бұл кез келген тұрғынға тиімді және жұмысын жеңілдетуге көп мүмкіндік береді. Тұрғындар ол жерге аудио, видео материалдарын жіберу арқылы құзырлы орындарға өтініштерін жолдай алады. Бағдарлама сұрақтың қай салаға тиісті екенін өзі анықтап, сол басқармаға жібереді. Ол жерде тиісті шараның орындалуын да қадағалайтын боламыз; үшіншісі, өңірлік мониторингтік топ құру. Қазір Ақтөбе облысының барлық аудандарында мониторингтік топтар құрылды. Оған әр селоның белсенді азаматтары қосылды. Олар сол ауылдағы заң бұзушылықтарды бізге жеткізіп отыратын болады», — дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Рафхат Төлеуғалиұлы.

Бірнеше құзырлы мекемелер жұмыс жасап тұрғанда жаңа бағдарламаның пайдасы қандай болмақ және азаматтар қандай заң бұзушылықтарға шағымдана алады? Мамандар мұны тұрғындар тарапынан түсетін шағымдарды қарау сатысын жеңілдету деп түсіндіреді.

«Сапасыз жол мәселесі, тартылған газ құбырларының істен шығуы секілді мемлекеттік тапсырыс аясында жүргізілген жұмыстарға қатысты өтініштер қаралады. Қазіргі таңда «Қазавтожол» компаниясымен бірігіп арнайы карта дайындалып жатыр. Ол карта арқылы адамдар мемлекет бағдарламамен жасалынған кез келген жұмысты бақылай алады. Оған бөлінген қаржы, қандай материал қолданып жатыр, жұмыстар қашан аяқталады және жасалынған жолдың қандай қалыңдықта болу керектігіне дейін ақпараттар жүктеледі. Әлеуметтік желіні пайдалана алмайтын тұрғындарға халықтың кеңседе біздің өкіліміз жұмыс жасайды», — дейді Рафхат Төлеуғалиұлы.

Көрнекі фото: Gogetnews.info

Пікір қалдырыңыз