Ақтөбе полицейлері қарбыз сатушының өліміне қатысы бар күдіктіні таба алмай отыр

Ақтөбелік полиция қызметкері қарбыз сатып тұрып қымбат көлікке мініп кеткен, кейін мәйіті табылған Ерхан Тлеумбетовтың өліміне қатысты тергеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Күдікті табылған жоқ, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы көтерме базарда қарбыз сататын Ерхан Тлеумбетов өткен жылдың тамыз айында жоғалып кеткен болатын. Арада екі ай өткенде оның мәйіті бөлшектелген күйінде табылды. Қазіргі кезде отбасы қымбат көлікті таныған, оның иесін білетін кез келген адамға сұрағанын беруге әзір. Өйткені, полиция әлі күнге дейін күдіктіні таба алмай отыр.

«Қасақана кісі өлтіру бойынша тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Апта сайын осы тергеу тобының жұмысын қадағалап отырмыз. Қылмыс әлі ашылған жоқ», — деді облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары Айдар Төкеев.

Айта кетейік, Ерхан Тлеумбетовтың анасы Райхан Есенаманова жасы 31-ге келгенше адамға қиянат көрсетпеген баласының өлімін әлі қабылдай алмай отыр. Бірнеше ай өткенімен бір хабарын бермеген полицияға өкпелі.

«Бір-бірімізді өлтіріп жүре берсек, не қалады? Мен ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырдым. Олар «бақылауда тұр, қарап жатырмыз» деп айтады. Өзге жауабы жоқ. Енді қайда барамын, кімнен көмек сұраймын. Баламды өлтірген адам жазасын алуы керек. Тағы да әлеуметтік желіге хабар беріп, халықтан көмек сұрадым. Біреу білсе, хабар берер деп ойлаймын. Сыйақы тағайындадым, үмітім бар», — деді анасы Райхан Есенаманова.

One thought on “Ақтөбе полицейлері қарбыз сатушының өліміне қатысы бар күдіктіні таба алмай отыр

  • 12.03.2018 at 13:15
    Permalink

    ЕГЕР ПОЛИЦИЯЛАР ҚЫЛМЫСКЕРДІ КҮДІКТІ РЕТІНДЕ ДЕ ТАБА АЛМАЙ ЖАТСА,ДЕМЕК ,БҰЛ ӨЛІМГЕ ОЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІНІ ДЕ ҚАТЫСЫ БАР БОЛУЫ ӘБДЕН МҮМКІН.

    Reply

Пікір қалдырыңыз